Езекиел

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 26

(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі)

Он бірінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2 «Ей, пендем, Тир қаласының халқы Иерусалим жайында келекелеп былай деген еді: «Әп, бәлем! Жақсы болды! Өзіңе де сол керек! Халықтарға апаратын тоғыз жолдың торабында тұрған қала қиратылып, маған жолдар айқара ашылды. Сол қала талқандалып жатқандықтан, енді мен байлыққа кенелемін!»
3 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп ал, уа, Тир қаласы, Мен саған қарсы шығамын! Теңіздің жағалауға қарай толқындарын жөңкіте айдағанындай, Мен де саған қарсы көптеген халықтарды жөңкіте айдаймын.
4 Олар қала қамалының қабырғаларын қиратып, мұнараларын құлатады. Мен оның қираған орнының топырағын сыпырып тастаймын. Осылай Тир қаласы салынған аралдар қу жартас болып,
5 балықшылар ауларын жаятын теңіздегі орынға айналады. Өйткені Мен осылай деймін, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — Содан Тир бөтен халықтардың олжасы болады.
6 Құрлықтағы қалашықтарының тұрғындары да семсердің жүзінен қырылып құриды. Сонда адамдар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
7 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Біліп қойыңдар, Мен солтүстіктен патшалардың ішіндегі ең қуатты патша — Бабыл патшасы Набуходоносорды ат жегілген соғыс күймелері, атты әскері және қалың қолымен бірге алып келмекпін.
8 Ол алдымен сенің құрлықтағы қалашықтарыңды құртады. Сосын мұнаралы қамалыңды айналдыра қоршап дуал жасап, қабырғаларыңның түбіне тас-топырақтан үймектер үйіп, саған қарсы үлкен қалқандарын көтереді.
9 Сосын өзінің қамал бұзар қойдырғыларымен қабырғаларыңды бұзып, айбалталарымен мұнараларыңды құлатады.
10 Оның жылқыларының көп болатыны сонша, солардың көтерген шаңының астында қаласың. Олар қақпаңды қиратып, қалаға басып кіріп келгенде, салт аттылар, соғыс күймелері және арбалардың дүрсілінен қабырғаларың селкілдейтін болады.
11 Оның жылқыларының тұяқтары сенің барлық көшелеріңді таптамақ. Ол халқыңды семсерімен қырып, күш-қуатыңның белгілері құлайды.
12 Жау сенің байлығыңды тонап, тауарларыңды олжалап алады, қабырғаларыңды құлатып, сәулетті үйлеріңді қиратады. Сендегі барлық тас, ағаш және топырақ атаулыны теңізге лақтырып тастайды.
13 Мен сенің әндеріңнің шулы әуенін сап тыямын, ішекті аспаптарыңның үні де ендігәрі естілмейтін болады.
14 Сені жалаң жартасқа айналдырамын, сен балық аулайтын торларды жайып кептіретін жер боласың. Сені енді ешкім қайта тұрғызбайды! Себебі бұны айтып отырған Мен Жаратқан Иемін!» — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
15 Жаратушы Тәңір Ие Тир қаласына тағы мынаны айтады: «Сен құлап, жаралылар күңіреніп, ортаңда халық қырылып жатқанда мұның шуынан теңіз жағалаулары селкілдемей ме?
16 Сонда теңіз жағалауындағы елдердің барлық әміршілері өз тақтарынан түсіп, шапандарын сыпырып, кестелі киімдерін шешеді. Оларды қорқыныш билеп, ұдайы қалшылдап жерде отыратын болады. Сенің тартқан жазаңнан олар аңтарылып, зәрелері ұшады.
17 Сол әміршілер сен жайлы жоқтау айтып былай дейтін болады: Уа, теңізшілер мекені, әйгілі қала, Күйреп жоқ болып кеттің сен қалай ғана! Халқың теңізді кезіп мықты болатынсың, Жағалау халықтарына үрей туғызатынсың.
18 Ал енді, сен құлаған бұл күні жағалаулар Дірілдеп шайқалып, теңіздегі аралдар Сенің құрып кеткеніңе аңтарылар».
19 Өйткені Жаратушы Тәңір Ие Тир қаласы туралы мынаны да айтады: «Мен сені қиратамын, ешкім тұрмайтын қалалар сияқты етіп тұңғиықты үстіңе шығарамын. Топан су сені басып тастамақ.
20 Сонда Мен сені түпсіз тұңғиыққа түсіп бара жатқандармен бірге ежелде өмір сүріп кеткендердің арасына түсіремін. Сені жер астында, баяғы үйінділердің арасында қалдырамын. Содан сені ешкім мекендемейді, тірілердің жерінде құрметті орын ала алмайсың.
21 Осылай Мен ақырыңды өте қорқынышты қыламын, сен мүлдем құрисың. Сені іздесе де, ешқашан табылмайсың!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны кесіп айтады.