Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 21

Кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2 — Ей, пендем, бетіңді Иерусалимге қарай бұрып, киелі үйдің қирайтыны туралы, әрі Исраил еліне және ондағы табыну орындарына қарсы пайғамбарлық сөз айт!
3 Исраил еліне былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп ал, енді Мен Өзім саған қарсы шығамын! Семсерімді қынабынан суырып алып, сендегі әділдерді де, зұлымдарды да қырамын!
4 Рас, Мен зұлымдарды да, әділдерді де құртпақпын: сондықтан семсерімді қынабынан суырып алып, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі бүкіл жерде адамдардың барлығын қырамын.
5 Сонда барлық адамдар Менің, Жаратқан Иенің, семсерімді қынабынан суырғанымды білетін болады. Семсерім (өз ісін бітірмейінше) қынабына енді қайтып салынбайды».
6 Ал сен, ей, пендем, күрсініп ыңқылдай бер! Олардың көзінше жан дүниең езіліп, қатты қайғыра күрсініп ыңқылдайтын бол!
7 Егер олар сенен: «Неге күрсініп ыңқылдайсың?» деп сұраса, оларға жауап беріп былай де: «Келе жатқан хабардан. Ол жеткенде баршаның жүрегі қорқыныштан әлсіреп, қолдарынан күш кетіп, рухтары қалжырайды, тізелері аққан судай дірілдейтін болады! Міне, ол келе жатыр, сол хабар міндетті түрде орындалады! — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие!»
8 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
9 «Ей, пендем, Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Семсер қайралды, семсер жалтыратылды!
10 Ол бауыздап кескілеу үшін қайралды, найзағайдай жарқылдау үшін жалтыратылды!» — Біз патшаның асатаяғына сеніп, сол үшін көңілді болмақпыз ба? — Семсер ешбір таяқты менсінбейді!
11 Ол қолға ұстау үшін жалтыратылып жатыр! Семсер қырушының қолына тапсырылу үшін қайралып, жалтыратылуда!
12 Ей, пендем, айқай салып жыла! Өйткені семсер Менің халқыма қарсы, әрі Исраилдің билеушілеріне қарсы қолданылмақ. Олар халқыммен бірге семсерден қырылмақ. Сонымен қайғыдан кеудеңді соққыла!
13 Еш шүбә жоқ, сынақ болады! Семсер патшаның асатаяғын менсінбей, қырып тастайды. Сонда не болмақ?! — Жаратушы Тәңір Ие осыны ескертеді. —
14 Сондықтан, ей, пендем, Менің хабарымды жеткіз! Екі алақаныңды соқ! Семсер екі рет, тіпті үш рет шауып түссін! Бұл — өлімге кесілгендерге арналған семсер. Зор қырғынға арналған осы семсер оларға жан-жақтан таяп келмек.
15 Бұдан жүректері әлсіреп, олардың көбі жан тапсырмақ. Мен жүзі жалтыраған семсерді барлық қала қақпаларына қойдым. Иә, ол найзағайға ұқсатылып арнайы жалтыратылып, қыруға дайындалған.
16 Уа, семсер, оңға да сілте, солға да сілте, жүзіңнің қалаған жағына сілте!
17 Мен де екі алақанымды соғып, қаһарымды басамын. Бұны Мен, Жаратқан Ие, нық айтамын!
18 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
19 «Ал сен, пендем, Бабыл патшасының семсері таяп келетін екі жолды белгілеп қой. Олардың екеуі де бір елден бастап шықсын. Жолдың Бабыл қаласынан шығып, екіге айырылатын жеріне бір жол белгісін қой!
20 Бабыл патшасының семсері жүретін бір жолды аммондықтардың астанасы Раббаға, ал екіншісін Яһуда еліне, оның бекіністі астанасы Иерусалимге қарай бағытта!
21 Өйткені Бабыл патшасы жол айырықта, бір жолдың екіге бөлінетін тұсында сәуегейлік жасау үшін тоқтамақ: ол өзінің әулетінің табынатын тәңірсымақтарына сиынып, қала аттары жазылған екі жебені шайқап, көзін жұмып, біреуін таңдап алады. Мұнан кейін сол жебеде аты жазылған қаланы бетке алып аттанбақ. Не болмаса сойылған малдардың бауырларына қарап жоритын болады.
22 Сол кезде патшаның оң қолына «Иерусалимге бар» деген жеребе түседі. Ол соған аттанып келіп, қамал бұзатын құралдарын қалаға қарама-қарсы орналастырады. Сосын шабуылдап, қырып-жоюға бұйрық беріп, ұрандайды. Сондай-ақ, қала қақпаларын бұзатын құралдарын орнатып, тас-топырақтан үймектер жасап, мұнаралар тұрғызады.
23 Иерусалимдегілерге бұл жалған сәуегейлік болып көрінеді. Бірақ яһудалықтар Бабыл патшасына адал болуға салтанатты түрде ант берген еді ғой! Енді Бабыл патшасы олардың бас көтеріп, айыпты болғандарын есіне алып, оларды қолға түсіреді».
24 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ашық бас көтерулеріңмен кінәларыңды еске түсіріп, күллі іс-әрекеттеріңдегі күнәларыңды ашып көрсеттіңдер. Солай істегендерің үшін енді қолға түсесіңдер.
25 Ал сен үшін, уа, Исраилдің бұзылған, зұлым билеушісі, енді күнің туды, жазаланатын кезің жетті!»
26 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Сәлдеңді шешіп, тәжіңді басыңнан алып таста! Енді жағдай бұрынғыдай болмайды. Жәбір көрген қарапайым жандар жоғарылатылып, мәртебелілер төмендетіледі.
27 Күйреу! Ойрандау! Мен патшалықты ойрандаймын! Одан ештеңе де қалмайды. Ал оған билік жүргізуге лайықты біреу келгенде, Мен билікті соған табыстаймын».
28 «Ал сен, пендем, былай деп Менің хабарымды жеткіз: Аммондықтар және олардың (Исраилге) көрсеткен жәбірлері туралы Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Семсер қырғын үшін қынабынан суырылды! Семсер найзағайдай жарқылдап, құрту үшін жалтыратылды.
29 Уа, аммондықтар, өз бақсы-балгерлерің сендер туралы жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік жасап келеді. Бірақ семсер зұлымдардың мойнына түспек. Олардың бастарына күн туып, жазаларын толығымен тартатын уақыттары таяп қалды.
30 Семсерді қынабына қайта сал! Өзің жаратылған жерде, туған еліңде Мен саған үкім шығарамын,
31 қаһарымды төгіп, ашуымның отын үрлеймін. Қырып-жоюды жетік меңгерген жауыз адамдардың қолына өзіңді тапсырамын.
32 Сен отқа жағылатын отындай боласың. Қаның өз еліңнің ішінде төгілетін болады. Енді қайтып сені ешкім есіне алмайды. Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осыны кесіп айтамын».