Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 45

Елді руларға мұралық меншік етіп үлестіргендеріңде, ұзындығы жиырма бес мың, ені жиырма мың шынтақ болатын жер көлемін Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті аудан ретінде бөліп, ұсыныңдар! Сол аудан түгелдей қасиетті болады.
2 Осының ішінен ені мен ұзындығы бес жүз шынтақ жер ғибадатханаға арналып белгіленсін. Айналасында тағы да ені елу шынтақ болатын жер тілімі бос қалдырылсын.
3 Киелі жер ауданынан ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ бөлікті бөліп қойыңдар. Осы айрықша жерде киелі үй мен оның ішіндегі ең қасиетті бөлме орналассын.
4 Қасиетті аудан киелі үйде Жаратқан Иенің алдында қызмет ететін діни қызметкерлерге арналсын. Олардың тұратын үйлері және киелі үйдің өзі осы жерде орналассын.
5 Сонымен қатар ұзындығы жиырма бес мың, ені он мың шынтақ болатын екінші аудан ғибадатханада қызмет ететін леуіліктерге қоныстануға табысталсын.
6 Қасиетті ауданмен шекаралас жатқан ені бес мың, ұзындығы жиырма бес мың шынтақ болатын тағы бір арнайы аудан белгіленсін. Ол бүкіл Исраил халқына тиесілі қалаға арналсын».
7 «Әміршіге арнап тағы да екі аудан белгіленсін. Солардың біріншісі қасиетті ауданның және қаланың меншікті жерінің батыс жағымен шекаралас болсын. Екіншісі солардың шығыс жағымен шекаралас болсын. Әміршінің екі ауданының арғы шекаралары Исраил руларының жерінің батыс және шығыс шекараларының жалғасы болады.
8 Бұл екі аудан әміршінің Исраилдегі меншікті жері болады. Осылайша Менің тағайындаған әміршілерім енді қайтып халқымды қанамайтын болады. Олар елдің қалған жерін Исраил халқына рулары бойынша үлестіріп табыстасын».
9 Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Жетер енді, уа, Исраилдің әміршілері! Зорлық-зомбылық жасауды доғарып, әділ де дұрыс істер істеңдер! Менің халқымды тонап, (өздерінің мұралық жерлерінен) қууларыңды қойыңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.
10 «Бұдан былай сендердің таразыларың әрі (қатты, сұйық заттардың көлемін өлшейтін) ефа және бат деген өлшемдерің дұрыс болсын!
11 Ефа мен баттың көлемі бірдей болсын. Бат та, ефа да хомердің оннан бір бөлігіне тең болсын. Сөйтіп хомер осы екі өлшемнің де үлгісі болмақ.
12 Салмақтың бекітілген өлшемі мысқал болсын. Бір мысқалда жиырма герах болсын, әрі алпыс мысқал бір минаны құрасын».
13 «Сендер арпа мен бидай өнімінің әр алпыс үлкен қаптан біреуін әміршіге салық ретінде беріп тұруға тиіссіңдер.
14 Зәйтүн жемістерінен сығып алынған майдың жүзден бір мөлшері де берілсін. Зәйтүн майы батпен өлшенсін. Он бат бір қорға және бір хомерге тең.
15 Сондай-ақ, Исраилдің шүйгін жайылымдарындағы ұсақ малдың әр екі жүз қойынан біреуі әміршіге берілуге тиіс. Осы аталғандар күнәларыңның кешірілуі үшін астық тартуларына, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтарға және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін тартуларға қоса әкелінсін. Сол малдар халық үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалғанда құрбандыққа шалынсын». — Жаратушы Тәңір Ие мұны бұйырады.
16 «Осы ерекше тартуларды Исраилдің әміршісіне беруге елдің бүкіл халқы да қатыссын.
17 Ал әміршінің міндетіне — мейрамдардың, әр айдың алғашқы күнінің және демалыс күндері кезінде, яғни Исраил халқының барлық белгіленген мейрамдары кезінде, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды және астық-сұйық тартуларын қамтамасыз ету жатады. Ол өзі Исраил халқының күнәларының кешірілуі үшін күнәнің құнын өтейтін, астық-сұйық тартуларын және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін тартуларды ұсынады».
18 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Әр жылдың бірінші айының бірінші күні еш мінсіз бір жас бұқаны құрбандыққа шалып, киелі үйге тазарту рәсімін жасаңдар.
19 Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанынан алып, оны киелі үйдің есіктерінің жақтауларына, құрбандық үстелінің үстіңгі сатысының төрт бұрышына және ішкі аулаға апаратын қақпа ғимараттарының жақтауларына жақсын.
20 Сол айдың жетінші күні сендер білместіктен, яғни байқамай, күнә жасаған әрбір адам үшін дәл осыны істеңдер. Осылайша сендер киелі үйді күнәнің арамдығынан тазартасыңдар.
21 Жеті күнге созылатын Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінен бастап өткізе бастаңдар. Мейрам кезінде сендер ашымаған нан жейсіңдер.
22 Сол күні әмірші өзі үшін және елдің бүкіл халқы үшін бір бұқаны күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалсын.
23 Әмірші мейрамның жеті күнінің әр күнінде Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде еш мінсіз жеті бұқа мен жеті қошқарды, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені ұсынып отыруға тиісті.
24 Шалынатын әр бұқа мен әр қошқарға қоса әмірші астық тартуы ретінде бір пұттан бидай ұнын және әрбір пұт ұнға қоса тоғыз қадақтан зәйтүн майын ұсынатын болсын.
25 Жетінші айдың он бесінші күні басталатын жеті күндік Күркелер мейрамы кезінде де әмірші күнәнің құнын өтейтін және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды, әрі астық-сұйық тартуларына қажетті ұн мен майды ұсынатын болсын».