Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 35

Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2 «Пендем, бет-жүзіңді Сейір тауына қарай бұр да, оған қарсы Менің хабарымды жариялап былай де:
3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, Сейір тауы, Мен өзіңе қарсы шығамын! Саған қарсы қолымды созып, сені қаңыратып, елсіз қалдырамын.
4 Қалаларың қиратылып, өзің қаңырап бос қаласың. Сонда сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың.
5 Сен қаскүнем пиғылыңнан арылмай, Исраил халқының басына күн туып, зұлымдығы жазаланатын ақырғы сағаты соққанда, оларды семсерден қырылуға тастап кеттің.
6 Сол себептен мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Мен сені қантөгіске үкімдеймін де, бұдан былай ол сенің қыр соңыңнан қалмай қояды. Сен қантөгісті еш жек көрмегендіктен, ол сені өкшелейтін болады.
7 Мен Сейір тауын қиратып, қаңыратамын. Енді одан қашып кетіп, не қайтып келетіндердің бәрін құртамын.
8 Таулы жеріңді өліктермен жауып тастаймын. Адамдар сенің қырат-қырқаларыңда, аңғарларың мен барлық сай-салаларыңда семсерден қырылатын болады.
9 Өзіңді ұдайы қаңыратып бос қалдырамын, қалаларыңды енді қайтып ешкім мекендемейтін болады. Осылайша сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың.
10 Сен: «Осы екі ел — Яһуда мен Исраилдің халықтары да, жерлері де менікі болады. Оларды иемденіп аламын!» деген болатынсың. Ал Мен, Жаратқан Ие, сол жерде болдым ғой!
11 Сондықтан өз атыммен ант етемін, — дейді мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие. — Мен сені оларды сондай жек көріп, ашу-ыза мен қызғанышқа салынғандығыңа сай жазалаймын. Саған істегендерім арқылы Мен Өзімді халқыма танытамын.
12 Сонда сен Менің, Жаратқан Иенің, Исраилдің тауларына қарсы айтқан сенің барлық қорлау сөздеріңді естігенімді білетін боласың. Сен: «Олар қаңырап бос қалып, маған жалмап қоюға берілді» деп оларды табаладың ғой.
13 Оның үстіне Менің көз алдымда мақтанып, еш шімірікпестен Маған қарсы сөздеріңді көбейттің. Мен соларыңды да естідім!»
14 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бүкіл жер шат-шадыман болып жатқанда, Мен сені қаңыратып бос қалдырамын!
15 Исраил халқының мұралық жері қаңырап бос қалғанда сен қуанған едің. Енді Мен де саған дәл солай істеймін. Сен қаңырап бос қаласың, ей, Сейір тауы, әрі бүкіл Едом елі! Сонда бәрі де Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».