Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 47

(Мен көрген көріністе)

Әлгі хабаршы мені киелі үйдің кіреберісіне қайтадан алып барды. Міне, киелі үйдің табалдырығының астынан су шығып ағып жатыр екен! Су шығысқа қарай ағып жатты, өйткені киелі үй шығыс жаққа қарай орналасқан. Содан бұлақ үйдің және құрбандық үстелінің оңтүстік жағынан өтіп шықты.
2 Мұнан кейін хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы алып шықты да, сырт жақпен айналып барып, шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпаға апарды. Міне, су ағыны қақпаның оңтүстік жағынан өтіп ағып жатты.
3 Әлгі хабаршы мені ертіп алып, қолындағы өлшеуіш жібімен су ағынының бойымен шығысқа қарай жүрді де, мың шынтақ қашықтықты өлшеді. Сол жерде мені су ағынынан өткізді. Су толарсағымнан келді.
4 Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшеп алды да, мені тіземнен келіп тұрған ағынды судан өткізді. Ол қайтадан бір мың шынтақты өлшеп алып, енді мені белуардан келетін судан өткізді.
5 Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшегенде, ендігі су ағыны мен кешіп өте алмайтындай терең болды. Өйткені су көтеріліп, адам жүзіп өтпесе, кешіп өте алмайтын тасқынды өзенге айналыпты.
6 Хабаршы менен: «Пенде, мынаны байқап тұрсың ба?» — деп сұрады. Мұнан кейін мені қайтадан өзеннің жағасына ертіп шығарды.
7 Мен сол жерге қайтып келгенде, міне, өзеннің екі жағында да көптеген ағаштардың өсіп тұрғанын көрдім.
8 Хабаршы маған былай деп түсіндірді: «Мына су шығыс жаққа қарай ағып, Иордан өзенінің алқабына құлдилайды да, сол жерде Өлі теңізге құяды. Өзен суы сол теңізге құйған бойда, оның суы тұщы болып шыға келеді.
9 Өзен қай жермен ақса, сонда аң-құстар мен өзге де тірі жануарлар қаптап кетеді. Өлі теңізде балық та өте мол болады, өйткені өзен ағысы ащы суды тұщытады. Өзен аққан жерлердің бәрінде өмір өркендейді.
10 Бүкіл жағалауда балықшылар тұратын болады. (Теңіздің батыс жағасындағы) Ен-Гедиден (шығыс жағасындағы) Ен-Әглаимге дейінгі аралық балықшылардың балық аулап, торларын кептіретін жері болады. Осы теңіздегі балықтың түрлері Жерорта теңізіндегілер сияқты өте көп болады.
11 Ал батпақтар мен шалшық сулар тұщымайды, олар тұз көзі болып қала береді.
12 Өзеннің екі жағасында да әр түрлі жеміс ағаштары өсетін болады. Олардың жапырақтары еш қурамайды, жемістері де таусылмайды. Киелі орыннан шыққан су оларға ағып келетіндіктен, сол ағаштар әр ай сайын жеміс беріп тұратын болады. Олардың жемістері халыққа тамақ, жапырақтары дәрі-дәрмек болады».
13 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Елдің жерін мына шекаралар бойынша Исраилдің он екі руына бөліп, иемденуге беріңдер! Жүсіптің ұрпақтарына екі үлес тиюі керек.
14 Қалған жер өзге рулардың арасында тең бөлінсін. Мен сендердің ата-бабаларыңа салтанатты түрде ант еткендігімнен, бұл жер сендердің мұралық меншіктерің болады.
15 Елдің шекаралары мынадай болады: Солтүстік жақтан ол Жерорта теңізінен Хетлон жолы арқылы, Лебо-Хаматтың қасымен Седад,
16 Берот, Сибраим қалаларына дейін, одан әрі Ауранның шекарасындағы Хасар-Тихонға дейін созылады. Ал Сибраим Дамаск пен Хамат патшалықтарының арасындағы шекарада орналасқан.
17 Сонымен Жерорта теңізінен шекара Дамаскінің солтүстік шекарасындағы Хасар-Енан қаласына дейін созылады. Хасар-Енанның солтүстік жағында Хаматтың шекарасы бар. Елдің солтүстік шекарасы осы болады.
18 Шығыс жақтағы шекара Ауран мен Дамаскінің арасында басталып, Ғилақад пен Исраилдің елдерінің арасында жатқан Иордан өзенінің бойымен жүре отырып, Шығыс теңізге, одан әрмен Тамарға дейін жетеді. Елдің шығыс шекарасы осы болады.
19 Оңтүстіктегі шекара Тамардан Қадештің маңайындағы Меріба суына дейін ұласады да, одан Мысырдың шетіндегі өзен аңғарының бойымен Жерорта теңізіне дейін жетеді. Елдің оңтүстік шекарасы осы болады.
20 Батыс шекара Жерорта теңізін бойлай отырып, Лебо-Хаматқа қарама-қарсы жерге дейін созылады. Елдің батыс шекарасы осы болады.
21 Сендер осы аталған шекаралардың ішіндегі жерді Исраилдің рулары бойынша өзара бөлісіп алыңдар!
22 Бұл жерді сендер араларыңда қоныстанып, ұрпақ сүйген жат жұрттықтармен бірге мұралық меншік етіп бөлісіп алуларың керек. Мұндай жат жұрттықтарға жергілікті исраилдіктер ретінде қараңдар! Өздеріңмен бірге оларға да Исраил руларының арасынан бірдей үлес тиюге тиіс.
23 Жат жұрттық қай рудың жерінде қоныстанса, оған мұралық меншігін сол жерден беріңдер!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.