Езекиел

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 20

(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі)

Жетінші жылдың бесінші айының оныншы күні Исраилдің ақсақалдарынан бірнеше адам Жаратқан Иенің еркін сұрап білу үшін менің алдыма келіп отырды.
2 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
3 «Ей, пендем, Исраилдің ақсақалдарына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер Менің еркімді сұрап білу үшін келдіңдер ме?! Өзімнің атыммен ант етемін: Сендердің Менің еркімді сұрап білулеріңе жол бермеймін!» — Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
4 «Пендем, сен оларды айыптамақсың ба? Оларды сотқа дайындамақсың ба? Онда ата-бабаларының жасаған күнәларының қандай жексұрын болғанына ақсақалдардың көздерін жеткіз!
5 Оларға тағы былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Исраилді ежелде таңдап алған күні салтанатты түрде Жақыптың үрім-бұтағына серт бердім. Оларға Өзімді Мысырда аян еткенімде: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін!» деп салтанатты түрде ант еттім.
6 Сол күні Мен оларға өздерін Мысырдан бастап алып шығып, елдердің ішіндегі ең көріктісі — ағы мен балы ағыл-тегіл елге әкелуге уәде бердім. Сол елді Мен Өзім олар үшін қарап таңдап алған едім.
7 Және Мен оларға былай дегенмін: «Әрқайсыларың көз қарашығындай сүйіп табынып келген жеркенішті мүсіндерді лақтырып тастаңдар! Бұдан былай өздеріңді Мысырдың жалған тәңірлерімен арамдамаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін».
8 Алайда олар Маған қарсы бас көтеріп, тыңдамай қойды. Олар көз қарашығындай сүйіп табынатын жексұрын мүсіндерін лақтырып тастаған жоқ, әрі Мысырдың жалған тәңірлерінен де бас тартпай қойды. Сондықтан Мен бастарына қаһарымды төгіп, оларды Мысыр елінде бар ашу-ызаммен жазаламақ болдым.
9 Бірақ исраилдіктердің айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында өз есімімнің қорланбауы үшін арнайы шара қолдандым. Өйткені Мен исраилдіктерді Мысырдан солардың көзінше алып шығып, оларға Өзімді аян етіп танытқан едім.
10 Сондықтан Исраил халқын Мысырдан шығарып, иен далаға ертіп алып бардым.
11 Оларға өз ережелерімді табыстап, шешімдерімді жарияладым. Өйткені оларды орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді.
12 Оның үстіне Мен, Жаратқан Ие, Өзіме бағыштағанымның сыртқы белгісі ретінде оларға демалыс күнімді сыйладым.
13 Бірақ Исраил халқы иен далада Маған қарсы бас көтерді. Олар ережелеріме мойынсұнған жоқ, керісінше, шешімдерімді менсінбеді. Ережелерім мен шешімдерімді орындаушы адам солар арқылы өмір сүретін болса да, Исраил халқы осылай етті. Бұған қоса олар тағы Менің өздеріне тапсырған демалыс күніме қатысты ережелерімді де бұзып, оның қасиеттілігін қастерлемеді. Сондықтан Мен қаһарымды төгіп, оларды иен далада жойып жібермек болдым.
14 Ал исраилдіктердің айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында өз есімімнің қорланбауы үшін Мен солай істемедім. Өйткені халқымды Мысырдан солардың көзінше алып шыққан едім.
15 Мен сол иен далада оларды елдердің ішіндегі ең көріктісі — Мен өздеріне табыстамақ болған ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап алып бармаймын деп салтанатты түрде ант еттім.
16 Өйткені олар Менің шешімдерімді менсінбей, ережелеріме бағынбады, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Себебі олар жүректерімен жалған тәңірлерге берілген еді.
17 Сонда да Мен оларға аянышпен қарап, оларды иен далада қырып, құртып жібермедім.
18 Мен сол иен далада олардың балаларына былай дегенмін: «Ата-бабаларыңның жаман әдет-ғұрыптарын орындамаңдар, олар табынған жалған тәңірлермен өздеріңді арамдамаңдар!
19 Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Ережелерімді ұстанып, заңдарымды орындаңдар!
20 Сондай-ақ Мен өздеріңе өсиеттеген демалыс күндерін Маған бағыштайтын болыңдар! Олар Менің сендердің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді естеріңе салатын белгі болмақ».
21 Алайда олардың балалары Маған қарсы бас көтеріп, тапсырған ережелерімді ұстанбады, әрі заңдарымды орындамады. Ал оларды орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Соған қоса олар демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Сондықтан Мен бастарына қаһарымды төгіп, оларды иен далада бар ашу-ызаммен жазалауға ұйғардым.
22 Бірақ Мен есімімнің басқа халықтардың алдында қорланбауы үшін солай істеуден бас тарттым. Себебі халқымды Мысырдан алып шыққанда сол халықтар Менің құдіретімді көрген болатын.
23 Алайда Мен сол иен далада оларды басқа халықтардың арасына шашыратып, бөтен елдерге таратып жіберемін деп салтанатты түрде ант еттім.
24 Өйткені олар Менің заңдарымды орындамай, ережелерімді менсінбей, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, сол күндердің қасиеттілігін қастерлемеді. Олар сондай-ақ ата-бабалары табынған жалған тәңірлерге құштарлана қарады.
25 Сондықтан да Мен халықтың игіліксіз ережелерге және оларды шынайы өмірге бастай алмайтын әдет-ғұрыптарға мойынсұнуларына жол бердім.
26 Олардың жалған тәңірлерге жасаған сый-тартулары арқылы өздерін арамдауларына да жол бердім. Олар тіпті тұңғыш ұлдарын сол бір тәңірсымаққа арнап отта құрбан қылды. Ондағы мақсатым: сол арқылы олар үрейленіп, Өзімнің Жаратқан Ие екендігімді білсін дедім.
27 Сондықтан, ей, пендем, Исраил халқына тіл қатып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Маған қарсы осындай опасыздық жасаулары арқылы сендердің ата-бабаларың да Мені қорлайтын.
28 Мен оларды өздеріне беруге салтанатты түрде ант еткен елге алып келдім. Бірақ олар көздері түскен әрбір биік төбе басында және жапырағы жайқалған ағаштың түбінде (жалған тәңірлеріне арнап) құрбандықтарын шалып, сый-тартуларын ұсынып, қаһарымды қоздырып жүрді. Бұған қоса солардың құрметіне хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларын да құйып ұсынды.
29 Сонда Мен олардан «Сендер баратын биіктеу жер не қылған жер?» деп сұраған болатынмын. Сондықтан да сондай табыну орындары осы күнге дейін биіктеу жер деп аталып келеді.
30 Сондықтан Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ата-бабаларыңа еліктеп, сендер де солардың жексұрын тәңірсымақтарына құштарлана табынып өздеріңді арамдамақсыңдар ма?
31 Оларға сый-тартуларыңды арнап, ұлдарыңды отқа өртеп құрбан еткен кездеріңде сендер өздеріңді осы күнге дейін сол жалған тәңірлеріңмен арамдап келесіңдер. Сонда Мені өздеріңе бұрынғыдай Өзімнен ақыл сұрауларыңа жол береді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, өз атыммен ант етемін, сендердің ақыл сұрауларыңа бұдан былай жол бермеймін!» — Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие осыны өз атымен ант етеді.
32 Сендер: «Біздер де басқа халықтардай, елдердің тайпалары сияқты ағаш не тастан жасалған мүсіндерге табынайық!» дейсіңдер. Алайда осы ойларың жүзеге аспайтын болады.
33 Қайта, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие Өзінің атымен ант етіп былай дейді: «Мен сендерге құдіретті де алға созылған қолыммен және зор қаһарыммен билігімді жүргіземін:
34 сендерді шашырап кеткен халықтар мен елдерден алға созылған құдіретті қолыммен және зор қаһарыммен шығарып аламын.
35 Иә, Мен сендерді бөтен халықтардың арасына жер аударамын. Бұл, ежелде ата-бабаларыңның иен даланы кезіп жүрген қиын кезеңіндей болмақ. Сол жерде сендермен бетпе-бет келіп, сот жүргіземін.
36 Ата-бабаларыңа Мысыр елінен шығарғаннан кейін иен далада сот жүргізгенімдей, Мен сендерге де солай істеймін». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
37 «Шопанның отарын қоршауға кіргізгенде қойларды таяғымен санап тексеріп, екшейтініндей, Мен де сендерді асатаяғыммен мұқият тексеріп, Келісімімнің ережелерін ұстануға мәжбүр етемін.
38 Сендерді араларыңдағы Маған қарсы бас көтеретін қыңырлардан тазартамын. Оларды жер аударылған елдерінен алып шықсам да, сондайлар Исраил еліне кірмейтін болады. Содан сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».
39 Уа, Исраил халқы, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Егер Мені тыңдамайтын болсаңдар, мейлі, әрқайсың барып, жалған тәңірлеріңе құлшылық ете беріңдер! Бірақ кейін Менің қасиетті есімімді өздеріңнің опасыздықтан арамдалған сый-тартуларыңмен және тәңірсымақтарыңмен қорламайсыңдар.
40 Өйткені бір күні бүкіл Исраил халқы Маған елдің ішіндегі қасиетті тауым — Исраилдің ұлы тауында ғибадат ететін болады. Мен оларды сонда ризашылықпен қабыл аламын, — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сол жерде Мен сендерден Өзіме бағыштаған қасиетті сый-тартуларыңды және таңдаулы құрбандықтарыңды түгелдей ұсынуларыңды талап етпекпін.
41 Мен сендерді шашырап кеткен халықтар мен елдерден алып шығып, жинаған сол кезде өздеріңді жұпар иіс сияқты қабылдаймын. Осылайша сендер арқылы Өзімнің киелілігімді бүкіл халықтардың көзінше жария етемін.
42 Өздеріңді ата-бабаларыңа беруге салтанатты түрде уәде еткен елге, яғни Исраил еліне, қайтарып алып келемін. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
43 Сол жерде сендер өздеріңді арамдаған іс-әрекеттеріңді естеріңе алып, жасаған жамандықтарыңа бола өздеріңнен-өздерің жиренетін боласыңдар.
44 Мен сендерге зұлымдықтарың мен жаман істеріңе сәйкес емес, өз есімімнің құрметіне сай әрекет етпекпін. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар, уа, Исраил халқы». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
45 Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
46 — Ей, пендем, бетіңді оңтүстікке қарай бұрып, оған қарсы сөйле! Оңтүстіктегі қалың орманға (ұқсас Яһуда елі мен Иерусалим қаласына) қарсы пайғамбарлық сөз айт!
47 Сол жабайы аймаққа былай де: Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен саған от тұтатпақпын! От өзіңдегі барлық ағашты: жасылын да, қурағанын да жалмап қояды. Лаулаған жалыны өшпейді. Оның қызуынан оңтүстік пен солтүстіктің аралығындағының бәрінің бет-жүздері күйіп қалады.
48 Барша жұрт осы отты тұтатқанның Мен, Жаратқан Ие, екенімді білетін болады. Ол еш өшпейтін болады.
49 Сонда мен былай дедім: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, олар мені: «Ол жай ғана астарлап айтып жүрген шығар?» деп сөзімді елемейді.