Езекиел

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 39

«Ал сен, пендем, Гогқа қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен саған қарсы шығамын, ей, Гог, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі!
2 Сені кері айналдыра бұрып, Өзім белгілеген бағытқа қарай жетелеймін. Сөйтіп өзіңді солтүстіктің шалғай түкпірінен алып шығып, Исраилдің таулы еліне қарсы аттандырамын.
3 Сонда сол қолыңнан садағыңды, оң қолыңнан жебелеріңді қағып түсіремін.
4 Исраилдің таулы елінде сенің өзің мен қалың әскерің де, саған еріп келген халықтар да қырыласыңдар. Сендерді түрлі жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға жем қылып беремін.
5 Осылай ашық далада құрисың. Өйткені бұны айтқан Менмін!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
6 «Мен Магогта және теңіз жағалауларында алаңсыз өмір сүріп жатқан одақтастарыңа жанған от жаудырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
7 Осылайша Мен Өзімнің қасиетті есімімді таңдаған халқым Исраилдің арасында паш етемін. Бұдан былай қасиетті есімімнің қорлануына жол бермеймін. Сонда барлық халықтар Менің Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, екенімді білетін болады.
8 Міне, Менің алдын ала айтқан сот күнім келе жатыр! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сонда бұлардың бәрі де жүзеге асады!
9 Сол кезде Исраилдің қалаларында тұрып жатқандар ашық далаға шығып, лақтырылған қару-жарақты жинап, отынға қолданып өртеп жібереді. Үлкен-кіші қалқандар, садақ пен жебелер, қол шоқпарлар мен найза атаулы жеті жылдық отынға жететін болады.
10 Сол кезде олар не даладан отын іздемей, не орманнан ағаш шауып әкелмей, тек қару-жарақты отын ретінде жағады. Сөйтіп олар өздерін тонамақшы болғандарды тонап, өздерін олжаламақшы болғандарды олжалайды», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
11 «Сол күні Мен Гогтың Исраил елінде қабірге қойылатын орнын белгілеймін. Ол Жолаушылар аңғарында, Өлі теңізден шығысқа қарай орналасады. Оған Гог пен оның қалың әскері қойылатындықтан қабірлері жолаушылардың жолына кедергі жасап, оларды тоқтатып тастайтын болады. Кейін осы аңғар «Гог әскерінің аңғары» деп те аталмақ.
12 Исраил халқы жеті ай бойы соларды жерлеп, елді мәйіттерден тазартатын болады.
13 Елдің барлық адамдары оларды көмуге қатысып, Мен Өзімнің ұлылығымды танытатын күні марапатталады. — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. —
14 Халық бүкіл елді тоқтамай шарлап, көмусіз қалып қойған сүйектерді жерлейді, әрі елді тазалап отыратын арнайы адамдарды да тағайындайды. Солар мұны қастарынан өтіп бара жатқандардың көмегімен істейді. Жеті ай өткеннен кейін арнайы іздеу жұмыстары басталады.
15 Сол адамдар елді тағы бір рет шарлап жүріп, әлі де көмілмеген адам сүйектерін көргенде, жерлеушілер тобының соны «Гог әскері аңғарына» алып кетулері үшін оның қасына бір белгі қойып кетпек.
16 Хамона қаласы да сол аңғарда орналасқан. Осылай жерлеушілер елді тазартып шығады.
17 Ал саған, пендем, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Барлық жыртқыш құстар мен аңдарды шақырып, оларға былай деп хабарла: Менің өздеріңе дайындап жатқан ұлы құрбандық асыма жиналып келіңдер! Жан-жақтан Исраилдің тауларына жиылып, сонда ет жеп, қан ішіңдер!
18 Сөйтіп қуаттылардың етін жеп, жердің әміршілерінің қанын ішесіңдер. Солар қошқар, тоқты, теке, жас бұқадай, тіпті Башанның бордақы малындай қоңды болады.
19 Семіз етті тойғанша жеп, қанды масайғанша ішіңдер! Бұл Менің сендерге даярлап отырған құрбандық асым болмақ.
20 Менің әзірлеген дастарқанымнан жылқы мен салт аттылардың, батырлар мен түрлі жасақшылардың етіне тойыныңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.
21 «Ал Мен салтанатты ұлылығымды халықтардың арасында орнатамын. Сонда барлық ұлттар Менің соларға үкімімді шығарып, оны құдіретті қолыммен іске асырғанымды көретін болады.
22 Сол кезден бастап әрі қарай Исраил халқы Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
23 Ал басқа халықтар Исраил халқының не себептен жер аударылғанын ұғады: Исраил халқы Маған опасыздық жасап кінәлі болды. Сондықтан Мен олардан жүзімді бұрып әкетіп, халықты жауларының қолына түсірдім де, семсерден қырылуларына жол бердім.
24 Мен оларға өздерінің Маған қарсы шығып, опасыздық жасап арамданғандарына сәйкес әрекет етіп, олардан бет-жүзімді жасырдым».
25 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен енді Жақыптың үрім-бұтағын жер аударылып кеткен жағынан алып келіп, қолды болған мал-мүлкін қалпына келтіріп, бүкіл Исраил халқына мейірімімді түсіремін. Сөйтіп Өзімнің қасиетті есімімді қайрат-жігермен қорғаймын.
26 Олар өз елдерінде қайтадан аман-есен өмір сүріп, енді ешкім күш көрсетіп, қорқытпайды. Сонда өздерінің Маған опасыздық жасап масқара болғандарын мойындайды.
27 Мен оларды дұшпандарының елдерінен, бөтен ұлттардың арасынан жинап әкелгенімде, көптеген халықтардың көз алдында олар арқылы Өзімнің киелілігімді көрсетемін.
28 Себебі Мен оларды жат ұлттардың арасына жер аудартқан болсам да, кейін олардың ешқайсысын да ұмыт қалдырмай, өз елдеріне жинаймын. Сонда олар Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
29 Исраил халқына Өзімнің Рухымды төккен соң, Мен енді қайтып олардан бет-жүзімді жасырмаймын», — Жаратушы Тәңір Ие осыны уәде етеді.