Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 19

Енді Исраилдің билеушілері жайлы мына жоқтауды айт:
2 Анаң арыстандардың ішіндегі Қандай керемет арыстан еді! Күшті арыстандар арасында жатып, Ол абдандарын асырайтын еді.
3 Солардың бірін айрықша қып өсірді, Сол қуатты арыстан болып өсті, Аулаған олжасын жыртып паршалады, Адамдарға да бас салып, жалмады.
4 Басқа ұлттар ол туралы естіді, Торуылдап апандарына түсірді, Шынжырлап Мысырға айдап әкетті.
5 Анасы үмітінің ақталмағанын Көріп, күткенінің іске аспағанын, Күшті арыстан қып өсірді басқасын.
6 Арыстандармен бірге ол жортуылдады, Нығайып, мықты арыстанға айналды, Аулаған олжасын жыртып паршалады, Адамдарға да бас салып, жалмады.
7 Ол солардың қамалдарын қиратты, Қалаларын ойрандап қаңыратты, Зор даусымен бүкіл елді қалтыратты.
8 Халықтар сонда қарсы шықты оған, Шабуылдады көрші аймақтардан, Олар торларын жайды оған арнап, Қолға түсті ол апандарына құлап.
9 Оны шынжырлап тор ішіне кіргізді, Бабыл патшасының алдына әкелді. Сосын зынданға салып күзетті, Исраилдің тауларында содан бері Ақырған дауысы еш естілмейді.
10 Су бойына орналасқан жүзімдіктегі Жүзім бұтасына анаң ұқсас еді. Сол бұта мол судан жемісті көп берді, Бұтақтары жайқалып тұратын еді.
11 Бұтақтарының күшті болғаны сонша, Лайықты билеуші асатаяғына. Қалың жапырақтан сол бұта асқақтады.
12 Әйтсе де ұшырап жаудың қаһарына, Жерге тасталды тамырымен жұлына, Шығыстан соққан аңызақтан қурады, Бар жемістерінен бұта айырылды, Күшті бұтақтары оның қурап қалды, От оларды аяусыз құртып жалмады.
13 Сол бұта қазір жаңбырсыз шөл далада, Қуарған сусыз мекен — иен далада.
14 Оның үлкен бұтақтарының бірінен От шығып, жалмап қойды жемісін барша. Билеушінің асатаяғы болуға Лайықты күшті бұтақ қалмады онда. Бұл — жоқтау жыры, ол жоқтау мәнерімен айтылсын.