Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 31

(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі)

Он бірінші жылдың үшінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2 «Ей, пендем, Мысыр патшасы перғауынға және оның шулы әскеріне мынаны жеткіз: Сенің ұлылығыңмен кім теңесе алады?
3 Ассур патшалығына назар сал! Ол да Ливандағы заңғар биік, төбесі тіпті бұлттарға дейін жететін самырсын іспетті болған еді. Оның көрікті бұтақтары орманды жауып тұратын.
4 Өзендер оған ылғалын беріп, терең су көздері оны биік қылып өсірді. Оның отырғызылған жерін өзендер айналдыра ағып, ормандағы барлық ағаштарға да тармақтарын бағыттап жіберді.
5 Осылайша сол самырсын өте зәулім болып өсіп, айналасындағы бүкіл ағаштардан да биік болып кетті. Оның суы мол болғандықтан, өркендері ұзарып, жайыла өсе берді.
6 Әуеде ұшатын құстардың бәрі осы самырсынның бұтақтарына ұяларын салып, оның көлеңкесінде күллі аңдар төлдерін өрбітетін. Демек, оның саясын бүкіл үлкен ұлттар паналап тұрды.
7 Осылайша сол ағаш өзінің жайыла өскен бұтақтарымен керемет көрікті болатын, өйткені оның тамырлары тереңдегі мол суға жететін.
8 Құдайдың бағындағы өзге самырсындар онымен теңесе алмас еді, қарағайлардың бұтақтарын да онікімен салыстыруға болмайтын. Оның бұтақшаларымен салыстырғанда шынар ағаштары түк емес болатын. Құдайдың бағындағы ешбір ағаштың көркі онікіне тең келе алмас еді.
9 Мен сол самырсынға көптеген бұтақ беріп, оны соншама көрікті қылдым. Құдайдың Едем бағында өскен барлық басқа ағаштар оны қызғанатын.
10 Ал енді, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Осы самырсын ағашы заңғар биік боп өсіп, төбесі тіпті бұлттарға дейін жетіп, өзінің биіктігіне тәкаппарланып кетті.
11 Сондықтан да Мен оны халықтардың әміршісіне тапсырдым, ол самырсынға зұлымдығына сай шара қолданды. Мен сол ағашты лақтырып тастадым.
12 Ұлттардың ішіндегі ең айбынды шетелдіктер оны шауып құлатып, тастап кетті. Ағаштың сынып қалған бұтақтары елдің барлық таулары мен сай-салаларында, өзен тармақтарында шашылып жатты, ал жердегі күллі ұлттар оның саясын тастап, кетіп қалды.
13 Оның қалдығына аспандағы барлық жыртқыш құстар қонып, бұтақтарына даладағы аңдар өрмеледі.
14 Сонымен су бойында өсіп, төбесі бұлттарға дейін жетсе де, ешбір «ағаш» заңғар боп асқақтап кетпесін! Себебі пенделердің бәріне де ажал төніп, ақыр соңында олар ең қарапайымдармен бірге қабірге түседі».
15 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ассур о дүниеге аттанған күні Мен тұңғиықтың өзін ол туралы қайғыратын қылып, оны жауып тастадым; жер асты суларын ақпайтын етіп, ағыл-тегіл сарқыраған бұлақтарды тоқтатып қойдым. Ассурға бола Ливанды қара түнекпен жаптым, әрі даладағы ағаштар қурап қалды.
16 Мен Ассурды о дүниеге кететін өзгелермен бірге сонда аттандырғанда, Ассурдың құлаған даусымен басқа ұлттарды дірілдеттім. Сонда Едемнің барлық ағаштары, тіпті Ливанның ең таңдаулы, ең жақсылары әрі молынан суарылған сол ағаштардың барлығы да о дүниеде жұбаныш тапты.
17 Ассурдың саясында өмір сүрген одақтас ұлттар да құрыды. Олар да семсерден қаза тапқандарға қосылып, Ассурмен бірге о дүниеге түсті.
18 Уа, Мысыр, Едемнің ағаштарының қайсысының ұлылығы мен салтанаты сенікіне тең келе алады? Алайда сен де Едемнің ағаштарымен бірге о дүниеге түсірілесің! Сен сүндеттелмегендердің әрі семсерден қаза тапқандардың арасында жататын боласың. Перғауын мен оның шулы әскерінің тағдыры осы болмақ!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.