Тарау 10 [9]

Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың? Басыма күн туғанда неге жасырынасың?
2 Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар, Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар!
3 Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді, Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді,
4 Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды, Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды.
5 Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді, Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді. Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді.
6 «Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, — Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды».
7 Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық, Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық.
8 Аула артында тасада аңдып отырады, Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады. Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап,
9 Тасадағы арыстандай тосады тығылып, Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып, Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып.
10 Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі, Жауының мықты тырнақтарына ілігеді.
11 Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, — Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды».
12 Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр, Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!
13 Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?! «Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?!
14 Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің, Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің. Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің.
15 Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы, Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы!
16 Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады, Бой ұрмайтын ұлттар Оның елінен жоғалады.
17 Назар аударасың күшсіздердің аңсауына, Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға,
18 Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға, Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!