Тарау 55 [54]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.)

Уа, Құдай, мінажатыма құлақ түрші, Өтінішімді елемей жүрмеші.
2 Назар аударып, жауап берші маған, Аһ ұрып, абыржып жүрмін қайғыдан,
3 Дұшпандарымның қатты дауысынан Әрі әділетсіздердің қыспағынан. Олар басыма азап жаудырады, Ашулана жала да жабады.
4 Жүрегім қинала дірілдейді, Өлімнің қорқынышы тап береді.
5 Үрей мен қалтырау басып алады, Қорқыныш билейді тұла бойымды.
6 Сонда мен тілек тілеп былай дедім: «Кептердің қанаттарын маған берер кім, Бұл жерден ұшып кетіп, тыншыр едім,
7 Алысқа ұшып, айдалада қалар едім,
8 Қастықтың дауылынан тез құтылар едім».
9 Уа, Ием, зұлымдарды абыржытып, Берекесін алшы тілдерін шатастырып, Қаладан зорлық-зомбылық тұрмын көріп.
10 Күні-түні олар қамалда аңдып жүреді, Сұмдық пен пәлеге толы қала іші,
11 Тонаушылық пен өлім мол шаһарда, Жалғандық пен зорлық бітпес базарда.
12 Жауым қараласа соған төзер едім, Дұшпаным бас көтерсе одан тығылар едім.
13 Алайда мұны істеген қатарласым Сенсің, о, жаныма жақын сырлас досым!
14 Қандай ғажап еді қарым-қатынасымыз, Құдайдың үйіне бірге барғанымыз.
15 Кенеттен жетсін ажал жауларыма, Тірідей түссін олар тұңғиыққа, Зұлымдық мекендейді ғой араларында.
16 Ал мен Құдайды көмекке шақырамын, Сонда мені құтқарады Жаратқаным.
17 Ертеңгісін, тал түсте және кешқұрым Құдайыма дауыстап жалбарынамын, Оның құлағына шалынады дауысым.
18 Маған қарсы шығып, шайқасқан көп жаудан Құдай жанымды сақтап алады аман.
19 Ежелден Құдай тағында отырып келеді, Мені естіп, жауды Өзіне бас игізеді. // Олар іс-әрекеттерін өзгертпей келді, Құдайдан қорқып, Оны қастерлемей жүрді.
20 Дұшпаным жасасқан келісімінен бас тартты, Өзімен тату тұрғандарға қарсы шықты,
21 Сарымайдан да жұмсақ айтқан сөздері, Бірақ қастандыққа толы оның жүрегі, Иісмайдан да жағымды айтқандары, Шынымен жалаң семсердей астарлары.
22 Жаратқан Иеге арт бар уайымыңды, Ол сені қолдап, ойлайды қамыңды, Мәңгілік құлатпайды әділ жанды.
23 Алайда, уа, Құдайым, сол сұмдарды Тастайсың Сен тұңғиық шыңырауға, Қанішер жауыздардың жандары Құриды жетпей-ақ жасының жартысына. Ал мен болсам сенемін Жаратушыма.