Тарау 77 [76]

(Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Асафтың жыры.)

Мен Құдайға дауыстап жалбарынамын, Құлақ түре көрсін деп Оған жалынамын.
2 Қиын кезде де Иеме бет бұрамын, Түнде қол жайып, тоқтамай сиынамын, Жан дүнием бас тартады жұбаныштан.
3 Қатты күйзелемін Құдайды есіме алсам, Рухым әлсірейді, егер де ойға шомсам. //
4 Уа, Ием, Сен мені ұйықтатпайсың, Қатты абыржып, сөйлей де алмаймын.
5 Ежелгі заман жайлы ойланамын, Өткен ғасырларға ой саламын,
6 Түнде айтқан әндерімді еске аламын, Рухым жауап іздеп, жүрекпен толғанамын.
7 Әлде Иеміз біржола бас тартты ма? Енді қайтып ықылас танытпай ма?
8 Берік мейірімі мүлдем үзілді ме? Берген сөзі мәңгілік күйреді ме?
9 Мейірленуді Құдай ұмытқан ба? Қаһары рақымын басып тастаған ба? //
10 Мен былай деймін: «Құдай Тағаланың Құдіреті өзгеріпті, бұл — нағыз азабым».
11 Ием, Сенің істеріңді еске аламын, Ежелгі кереметтеріңді ойға аламын,
12 Бар іс-әрекетің жайлы ойланамын, Ұлы істерің жөнінде толғанамын. //
13 Жолдарың Сенің, уа, Құдай, қасиетті, Өзіңдей тәңір бар ма құдіретті?
14 Сен кереметтер жасайтын Құдайсың, Халықтарға күш-қуатыңды таныттың,
15 Құдіретіңмен халқыңды құтқардың: Жақып пен Жүсіптің осы ұрпақтарын. //
16 Уа, Құдай, Қамысты теңіз Сені көрді, Суы Өзіңді байқап үрейленді, Теңіздің тұңғиығы дүр сілкінді.
17 Бұлттар сонда жерге нөсер жаудырды, Аспанда күн күркіреп жаңғырды, Найзағай жебедей ұшып жарқылдады.
18 Құйында Сенің даусың күркіреді, Жай оты әлемге жарығын түсірді, Һәм жер беті шайқалып дірілдеді.
19 Сонда Сен теңіз арқылы жол жүрдің, Ұлан-ғайыр су арқылы қадам бастың, Ал көзге көрінбеді іздерің Сенің.
20 Содан халқыңды отардай бастадың Жетекшілігімен Мұса мен Һаронның.