Тарау 9

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ұлдың қазасы» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)

Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын, Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын.
2 Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын, Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын.
3 Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады, Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады.
4 Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың, Тағыңда отырып әділ шешім шығардың.
5 Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың, Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың.
6 Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды, Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды.
7 Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді, Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді.
8 Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады, Халықтарға ақиқат шешім шығарады.
9 Қаналғандарға Жаратқан пана болады, Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады,
10 Сені шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды.
11 Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар, Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар!
12 Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді, Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді.
13 Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр, Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр, Ажалдың аранынан мені арашалай гөр.
14 Сонда қақпаларында Сион шаһарының Өз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын, Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.
15 Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады, Құрған қақпандарына өздері ұсталды.
16 Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты, Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты. //
17 Жамандық жасаушылар ажалға душар болады, Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады.
18 Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді, Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді.
19 Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын, Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын!
20 Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын, Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан!