Тарау 14 [13]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.
2 Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол.
3 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
4 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Жаратқанға сиыну ойларына еш түспеген.
5 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Өйткені Құдай әділ ұрпаққа жар болады.
6 «Әй, зұлымдар, күлесіңдер жарлының ниетіне, Бірақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!»
7 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде, Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!