Тарау 53 [52]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.)

Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.
2 Құдай көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол.
3 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
4 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Құдайға сиыну ойларына еш түспеген.
5 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Қауіп-қатер жоқ жерде үрейлері ұшады. Тап берген жауыңның сүйектерін Құдай шашады, Сен масқаралайсың Құдай бас тартқан оларды.
6 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Құдай өз халқын тұтқыннан азат еткенде Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!