Тарау 95 [94]

Келіңдер, Жаратқан Иеге арнап Әндетейік қуана-қуана жырлап, Жартастай мықты Құтқарушымызға Сиына берейік қатты дауыстап!
2 Бәріміз Иеміздің алдына барып, Ризашылығымызды білдірейік, Ән-күймен де Оған мақтау айтып, Даңқын Оның асыра берейік!
3 Себебі Жаратқан Ие — ұлы Құдай дағы Һәм ұлы Патша — бар «тәңір, пірден» тым жоғары!
4 Бәрі Оның қолында: жердің тұңғиықтары, Әрі меншігі Оның — зәулім тау шыңдары,
5 Теңіз де Иеміздікі — Өзі соны жаратқан, Құрлықтың барлығы да Оның қолынан шыққан!
6 Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп, Жаратушымыздың алдында тіземізді бүгіп!
7 Себебі Өзі — біздің бірден-бір Құдайымыз, Ал біз Оның бағып жүрген меншікті халқымыз Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз. Бүгін сендер Оның даусын естігенде,
8 Мерібада істегендерің секілді Қасарыстырмаңдар жүректеріңді: Ежелде айдалада жүрген кезде Масадағы бас көтергендерің іспетті Қайтадан солай істемеңдер енді!
9 Сендердің ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді.
10 Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Осы халық тағылымымды қабылдамады!
11 Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан!»