Тарау 75 [74]

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме!» әуенімен айтылатын Асафтың әні әрі жыры.)

Саған мақтау айтамыз, уа, Құдайым! Сені дәріптейміз, бізге жақынсың, Паш етіледі керемет істерің.
2 Сен былай дедің: «Кезін Мен белгілеймін, Әділетті сотты Өзім жүргіземін.
3 Шайқалады жер күллі тұрғындарымен, Тіреулерін оның берік ұстаймын Мен».
4 «Бөсуіңді тоқтат!» — дедім мақтаншаққа, «Жұдырығыңды көтерме! — дедім арамзаға, —
5 Көкке қарсы да жұдырығыңды көтерме, Тоңмойын болып паңдана сөйлеме!»
6 Шығыс, батыс не айдаладан келген Ешкім басқаны жоғарылатпас шынымен,
7 Себебі сотты Құдайдың Өзі жүргізеді, Ол біреуді түсіріп, басқаны көтереді.
8 Жаратқанның қолында «қаһарлы тостаған», Іші дәмдеуіштермен араласқан Көпірген «жаңа шарапқа» толған. Оны құйып береді Жаратқан, Бар зұлымдар ішуге тиіс содан, Сарқып ішеді тіпті ашытқысынан.
9 Ал мен Иемнің істерін мәңгі паш етемін, Жақыптың сиынған Құдайын әндетемін,
10 Өйткені Құдай Иеміз былай деген: «Мен зұлымдарды күшінен айырамын, Ал әділдің күш-қуатын молайтамын!»