Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 10

Әділетсіз заңдар шығарып, халықты азаптайтын ережелер жариялаған билеушілер қасіретке қалады-ау!
2 Олар халқымның арасындағы жарлыларды құқықтарынан айырып, жәбір көргендерге әділет жолын жауып тастайды. Тіпті жесірлерді олжалап, жетімдердің барын тонайды!
3 Ей, мұндай озбырлық жасайтындар, Құдай сендерді жауапқа тартып, алыс елдерден апат жіберген кезде не істемексіңдер? Көмек сұрап кімге жүгіріп, мақтан тұтқан байлықтарың мен беделдеріңді қайда қалдырмақсыңдар?
4 Сендер не тұтқындардың қатарында бүгіліп айдалып кетесіңдер, не шайқаста өлесіңдер! Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
5 Жаратқан Ие былай дейді: — Ассур патшалығы қасіретке қалады! Мен оны ызғарлы қаһарыма ұшырағандарды жазалау үшін ғана таяқ, сойыл сияқты пайдаланамын.
6 Ассурдың әскерін Менен безіп, қаһарымды шақырған арсыз халыққа қарсы аттандырамын, әрі оны тонап, олжалауға, даладағы саз-балшықтай таптауға жіберемін.
7 Алайда Ассур патшасының ой-ниеті Менің еркімнен басқаша: ол көптеген халықтарды жойып, мүлдем жоқ қылуды көздейді.
8 Содан Ассур патшасы былай деп мақтанып бөседі: «Менің барлық әміршілерім патшадай күш-қуатқа ие емес пе?
9 Мен Қаркеміш сияқты Қална қаласын да, Хамат секілді Арпад қамалын да, Дамаск сияқты Самарияны да оп-оңай басып аламын!
10 Мен талай патшалықтарды өзіме қаратып, уысымда ұстаймын. Бұлардың түкке тұрғысыз тәңірлері мен мүсіндері Иерусалим мен Самариядағылардан күштірек.
11 Мен Самарияны өзінің пайдасыз тәңірлерімен қоса құрттым, Иерусалимге және ондағы жұрт табынатын мүсіндерге де дәл солай істеймін!»
12 Алайда Тәңір Ие Сион тауы мен бүкіл Иерусалимге қарсы істеп жатқандарының бәрін бітірген кезде былай дейтін болады: — Мен Ассур патшасын өркөкіректеніп, паңдана қарап жүргені үшін жауапқа тартатын боламын!
13 Ол патша былай деп мақтанады: «Мен сол істерді өз қолымның күшімен әрі өз көрегендігіммен жүзеге асырдым, себебі ақылды да парасаттымын! Мен халықтардың шекараларын алып тастап, қазыналарын талан-таражға салдым. Өз құдіретіммен тақ иелерін құлаттым.
14 Құстың ұясынан жұмыртқаларын жинағандай мен халықтардың жерлерін әрі байлықтарын оп-оңай қолыма түсірдім. Мені қорқыту үшін бірде-бір қанат қағылып, бірде-бір тұмсық айбаттанып, шиқ деп үн де қатпады».
15 Бірақ балта өзімен ағаш шапқан иесінен гөрі кереметпін деп мақтана ала ма? Немесе ара өзімен жұмыс істейтін ұстаның алдында көкіректене ала ма? Таяқ, сойыл адамды көтермейді, қайта, адам таяқ не сойылды көтеріп, сілтейді!
16 Сол себептен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие Ассур патшасының денелі жауынгерлерін қатты ауыртып, жүдетеді, оның даңқты әскерін лаулаған өртпен жалмағандай құртады.
17 Исраил сиынған Киелі Құдай, оның жарық Нұры, лаулаған от пен жалынға ұқсап бір-ақ күнде Ассурдың тікенді бұталарын әрі жантақ, ошағанын өртеп жібереді:
18 оның әйгілі ормандары мен құнарлы бау-бақшаларын түгелдей жалмап жояды. Сонымен қатар Ассурдың даңқты әскері де қатты ауырған адамдай әлсірей береді.
19 Сонда жас баланың өзі-ақ санап шыға алатындай біразы ғана аман қалады.
20 Сол кезде Исраил халқының тірі қалғандары өздерін талқандап, жойған одақтастарына енді қайтып сүйенбейтін болады. Керісінше, олар бұдан былай сенімдерін шын жүректен Жаратқан Иеге, Исраилдің Киелі Құдайына, артады.
21 «Тірі қалғандары қайта оралады»: Жақыптың үрім-бұтағының аман қалғандары Құдіретті Құдайға қайтадан бет бұрады.
22 Уа, Исраил, сенің халқың «теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп» болса да, олардың біразы ғана тірі қалып, қайта оралады! Құдай осы халыққа қырылуды бұйырып, шексіз әділдікпен үкімін шығарған.
23 Иә, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие бұл үкімін бүкіл жерде іске асырады.
24 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Уа, Сионда тұратын халқым, Ассур патшалығынан қорықпаңдар! Рас, ол сендерді ежелгі мысырлықтардай таяқ, сойылмен ұрып-соғып, зәбір көрсетуде.
25 Бірақ аз уақыттан кейін Мен сендерге деген ызғарлы қаһарымнан қайтып, оны Ассурға төгіп, сол елді қырып-жоямын.
26 Мен, Әлемнің Иесі, баяғыда Ориб құзының маңайында Мадиян тайпасының жасағын күйрете соққанымдай, енді Ассурды «қамшыммен» соғамын. Ежелде таяғым Мысыр елі мен Қамысты теңіздің үстінен көтеріліп, алға созылғандай, енді Ассурдың өзенінің үстінен де «таяғымды» созып, құдіретімді көрсетемін.
27 Сол уақыт жеткенде сендер қанаушыларыңның мойындарыңа артқан ауыр жүктерінен арыласыңдар! Жаудың еңселеріңді басқан езгісін күл-талқан етесіңдер. Себебі семіріп, зор күшке ие боласыңдар».
28 Ассур әскері Аят қаласына басып кіріп, Мигроннан өтіп кетті, содан Миқмаста қару-жарақ, азық-түлік қорларын тексеріп, сонда қалдырды!
29 Олар өткелден асып, Гебада түнемек. Рамақ қаласының үрейі ұшып, Саулдың мекені болған Гибеяның тұрғындары да қашып кетті.
30 Ғалимның халқы, айқайла! Құлақ салыңдар, Лайша мен шарасыз Анатоттың тұрғындары!
31 Мадмена қашып кетіп, Гебимнің халқы да бас сауғалап тығылуда.
32 Жау Ноб қаласында бүгін-ақ аялдап, Сион тауына, Иерусалим қаласы салынған төбеге қарай жұдырығын сілтейді.
33 Біліп алыңдар, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие оларды ағаштың кесілген бұтақтарындай етіп қорқынышты құдіретпен шауып құлатады. Зәулім ағаштай өркөкіректеніп, менменсіген олар кесіліп түсіп, қор болады.
34 Ливанның қалың ормандары балтамен шабылып тасталғандай, паңданған жаудың әскері Құдіретті Құдайдың алдында құлап, жермен-жексен болады.