Тарау 30

Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бас көтергіш балаларға ұқсайтын халқым қасіретке қалады! Олар Менің еркімнен тыс жоспарлар ойлап, одақ құрады, әрі Менің Рухымның жетелеуінсіз келісімшарт жасайды. Осылай күнәларына күнә жамап келеді.
2 Халқым Менен ақыл сұрамай-ақ Мысырға ылдилап барады. Сол елдің қуатты патшасы перғауыннан қорғаныш іздеп, Мысырдың саясын паналайды.
3 Алайда перғауынның қорғанышы оларға ұят келтірмек, Мысырдың саясын паналау оларды масқараға ұшыратпақ.
4 Яһуданың әміршілері (Мысырдың солтүстік астанасы) Соғанда болып, елшілері Ханес қаласына жеткенмен,
5 сол елге сенім артқандардың барлығы да ұятқа қалады. Перғауыннан ешқандай көмек пен пайда таппаған олар масқараға қалады».
6 Бұл — оңтүстіктегі Негев аймағындағы хайуандар туралы ауыр хабар: Елшілер керуені ақырған арыстандар, улы сұр жыландар мен атылып шағып алатын оқ жыландар мекендейтін қорқынышты құла түз арқылы өтіп Мысырға барады. Олар есектерінің арқаларына, түйелерінің өркештеріне артқан бағалы заттары мен қазыналарын тасып әкетеді. Алайда Мысыр елі оларды қорғай алмайды,
7 оның көрсететін көмегі еш пайдасыз. Сондықтан Мен оны «тыныш отыратын айдаһар» деп атаймын.
8 Енді барып, осы сөздерді бұлардың көз алдында бір тақташаға жаз, шиыршық кітапқа да жазып қой! Келер күндері солар берік айғақ болсын.
9 Себебі бұл — бас көтергіш халық, өтірікші балалар, Жаратқан Иенің тәлімін тыңдаудан бас тартатын перзенттер.
10 Олар көріпкелдерге: «Аян көруші болмаңдар!» — дейді, пайғамбарларға да былай деп тыйым салады: «Ненің ақиқат екені туралы емес, бізге ұнамды жайттар туралы айтыңдар! Қиялдар көріп, соларды жеткізіңдер!
11 Біздің жолдан тайып тұрыңдар, өздерің жүретін тым тар соқпақтан бұрылып шығыңдар! Исраилдің Киелі Құдайына назарымызды аудартпаңдар!»
12 Сол себептен Исраилдің Киелі Құдайы жауап беріп мынаны айтады: — Сендер сол айтқандарымды қабылдамай, зорлық пен алдамшылыққа сеніп, соларға сүйенесіңдер.
13 Осы әділетсіз іс-әрекеттеріңе бола сендердің бастарыңа зор қауіп төніп тұр! Ол шығыңқы жерлері мен жарықтары бар, құлауы әбден ықтимал биік қабырғаға ұқсайды. Сондай қабырға бір-ақ сәтте, күтпеген жерден құлап, қирайды да,
14 қыш құмыра сияқты паршаланып сынып қалады. Одан ең болмағанда ошақтан шоқ салып әкелуге немесе құдықтан шөміштеп су алуға жарамды бірде-бір сынық қалмайды. (Сендермен де солай болмақ!)
15 Исраилдің Киелі Құдайы — Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: — Теріс жолдарыңнан қайтып, тынышталыңдар, сонда құтқарыласыңдар. Уайымға салынбай Маған сенім артыңдар, Мен сендерді күшті қыламын. Алайда солай істегілерің келмеді.
16 Қайта, сендер: «Атқа мініп қашып кетеміз!» дейсіңдер. Солай-ақ болсын, шынында да қашып кетесіңдер! «Жүйрік аттарға мініп, басқа жаққа кетеміз!» дейсіңдер. Солай-ақ болсын, бірақ сендерді қуатындар да өте жүйрік болмақ!
17 Жаудың бір жасақшысы айбат көрсеткенде, сендердің мыңың қаша жөнелесіңдер. Олардың бес-ақ жасақшысының айбатынан бәрің де қашып кететін боласыңдар. Сонда сендер тау шыңында қадалған жалау сабына немесе қырат басындағы сырыққа ұқсап жападан-жалғыз қаласыңдар.
18 Сондықтан Жаратқан Ие сендердің Өзіне қайтып келіп, рақымына ие болуларыңды сағына күтуде. Ол орнынан тұрып, сендерге мейірбандық көрсетуге дайын. Өйткені Жаратқан Ие — әділ Құдай. Оған сенім артып Оны күтетіндер қандай бақытты!
19 Уа, Иерусалимде тұратын Сион халқы, бұдан былай сендер жыламайсыңдар. Азапталып, Жаратқан Иенің құтқаруын сұрап шақырсаңдар, Ол сендерге рақым көрсетеді. Дауыстарың құлағына шалынысымен-ақ Ол сендерге жауап береді.
20 Жасаған Ие сендерге нанның орнына мұқтаждық, судың орнына қысымшылық жіберді. Ал енді Ол — өздеріңді үйрететін Ұстаздарың, жасырын емес, көз алдарыңда болмақ.
21 Сонда сендер жолдан оңға не солға қарай бұрылмақ болғанда, бір дауыстың арт жақтан: «Жол мынау, сонымен жүріңдер!» дегенін еститін боласыңдар.
22 Енді сендер күміспен қапталған не алтын жалатқан жалған тәңір мүсіндеріңді алып, оларды арам нәрседей менсінбей: «Көз алдымнан жоғалыңдар!» деп, лақтырып тастайсыңдар.
23 Егістікке тұқым сепкен кездеріңде Иеміз жаңбыр жаудырып, ағыл-тегіл өнім бергізеді. Малдарыңның жайылымы ұлан-ғайыр болады.
24 Жер жыртатын өгіз-есектерің күрекпен жел өтінде тазартылып, сүрленген өте құнарлы жем жейді.
25 Жаудың мұнаралы бекіністері қолға түсіп, жасақшылары қырылған кезде әр тау мен төбе басынан су бұлақтары аға жөнеледі.
26 Ай күндей нұрлы, ал күн әдеттегіден жеті есе артық сәуле шашып, жеті күнгі нұр бір күні жайнағандай болмақ. Жаратқан Ие өз халқының сынған сүйектерін таңып, Өзінің оларды жазалағанда жарақаттаған жерлерін сауықтыратын кезде осылай болады.
27 Біліп қойыңдар, атағы жайылған Жаратқан Ие алыстан лаулаған қаһарымен, көтеріліп жатқан қалың түтінмен келіп жетеді. Оның аузынан шыққан сөздері қаһарлы. Оның тілінен бәрін жалмайтын от лаулап шығады.
28 Оның лебі жауларының мойындарына жететін қатты ағысты тасқындай шығады. Жаратқан Ие ұлттарды електен өткізіп, айырады. (Өзіне бағынудан бас тартатын) халықтарды ауыздық пен жүген салғандай жолдан адасып, жойылуға жетелейді.
29 Ал, Құдайдың халқы, сендер Оған бағышталған мейрам күнінің қарсаңындағы кеште қуана шырқайтындай ән салатын боласыңдар. Сендер Исраилдің жартастай берік Қорғаушысы — Жаратқан Иенің Сион тауына қарай сыбызғының даусына сәйкес салтанатты шерумен жүріп бара жатқан кездеріңдей, жүректерің шаттыққа кенелмек.
30 Жаратқан Ие адамдарға Өзінің ғаламат зор үнін естіртіп, лаулаған қаһарымен күш-қуатын көрсетеді. Ол бәрін жалмайтын оттың жалынымен әрі дауыл, нөсер және ірі бұршақ арқылы Өзінің құдіретін танытады.
31 Жаратқан Иенің дауысы Ассурды қағып-сілкиді. Ол билігінің асатаяғымен дұшпандарын соғады.
32 Иеміз жауларына дүре соққандай жазаларын тартқызғанда, Оның жеңісін мадақтайтын даңғыралар мен жетігендердің әуендері естіледі. Жаратқан Иенің Өзі құдіретті қолын созып, жауға қарсы шайқасады.
33 Көп уақыт бұрын-ақ Ассур патшасының мәйітін салтанатпен, үлкен отпен өртеп жіберетін орын дайындалып қойылған болатын. Ондағы шұңқыр терең де кең, әрі мол отын қаластырылып дайындалған. Оны өртеп жіберу үшін Жаратқан Иенің лебі жанартаудан шыққан күкірт іспетті отты жалын үрлейді.