Тарау 49

Аралдар мен теңіз жағалауларындағы елдер, алыстағы халықтар, сөзіме құлақ түріп, тыңдаңдар: мені ана құрсағынан-ақ Жаратқан Ие тағайындады, есімімді туған кезімнен-ақ есінде сақтады.
2 Ол сөзімді семсердей өткір етті. Мені қолының саясында қорғап үшкірленген жебеге ұқсас қылып «қорамсағында» сақтап келеді.
3 Жаратқан Ие маған мынаны айтқан еді: — Исраил, сен Менің Қызметшімсің. Өзіңде салтанатты ұлылығымды ашық көрсетемін.
4 Ал мен былай деп жауап бердім: — Бүкіл еңбегімді зая еттім, құр бекерге күшімді жұмсадым! — Бірақ Жаратқан Ие мені ақтайды, Құдайым еңбегімнің әділ бағасын сақтайды.
5 Ал енді Жаратқан Ие сөйлейді. Ол мені анамның құрсағында қалыптастырып, Өзінің қызметшісі болуға дайындаған еді. Маған Жақыптың үрім-бұтағын, Исраил халқын, Өзінің қасына қайтарып жинауды тапсырды. Өйткені Жаратқан Иенің алдында қадірлімін, Құдайым маған күш-қуат сыйлайды.
6 Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Сен Менің Қызметшімсің, Жақыптың шашыраған руларын қайтадан біріктіресің. Сен тек Исраил халқынан аман сақтап қалғандарымды ғана Өзіме қайтарып қоймайсың. Сені басқа ұлттар үшін де жарық Нұр болуға белгіледім! Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің!»
7 Құдайдың Қызметшісі адамдардан қорлық көріп, халыққа жексұрын болып, билеушілердің құлына айналған еді. Ал Исраилді құтқарушы Киелі Құдай — Жаратқан Ие оған тіл қатып былай дейді: «Сені көрген патшалар алдыңда тік тұрады, әміршілер де саған бас иетін болады. Себебі Мен — Исраил сиынған Киелі Құдай, сөзіне адал Жаратқан Ие, сені таңдап алдым!»
8 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Мен мейірім көрсететін кезімде саған жауап беремін, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қолдап-қорғап жүремін. Өзіңді халқым үшін Келісімімнің кепілі етіп белгілеймін. Осылай Мен мына уәдемді бекітемін: ойран болған Исраилдің жерін қалпына келтіріп, оны халқыма қайтадан үлестіріп беремін.
9 Сен арқылы қараңғыдағы тұтқындарды «Сыртқа шығып, көрініңдер!» деп шақырып, босатамын. Олар бағып, қамқорлайтын отарым іспетті жол бойында тамақтанатын болады, тіпті құнарсыз қыраттардан да жайылым табады.
10 Енді қайтып олар аштық пен шөлді білмейді, күннің аптап ыстығы да күйдірмейді». Себебі халқының жанашыры Жасаған Ие оларды жетелеп, су көздеріне бастап алып жүреді.
11 «Мен бүкіл тауларымды жолға айналдырып, даңғыл жолдарымды биіктетіп саламын.
12 Міне, бұлар алыстан, көбі солтүстік пен батыстан, басқалары Асуан аймағынан келе жатыр!
13 Ей, аспан, шаттана шырқап, жер де, қатты қуанып, тау-төбелер де, шуылдап мақтау айтыңдар! Жаратқан Ие өз халқын жұбатып, азап шеккендеріне жаны ашып мейірім танытады.
14 Ал Сионның халқы былай деген еді: — Құдайым мені ұмытып, тастап кетті! — (Жасаған Иенің жауабы мынау:)
15 — Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сені ешқашан ұмытпаймын, Иерусалим!
16 Есіміңді алақаныма ойып жазып алдым, қамалдарың әрдайым көз алдымда!
17 Сені қайтадан салуға келе жатқан халқың өзіңе жетуге асығуда, ал сені қырып-жойып, талқандаған қарсыластарың қасыңнан кетуге мәжбүр болуда!
18 Айналаңа көз жүгіртіп қарашы: бүкіл балаларың жиналуда! — Мәңгі тірі Жаратқан Ие ант етіп былай деп уәде береді: — Сен осы адамдардың бәрін әшекей етіп таққандай өзіңе қабылдайтын боласың. Олармен қалыңдықтай сәнденіп, көркейіп салтанатқа бөленесің.
19 Ойрандалып, қаңырап бос қалған орындарың енді ағылып келген тұрғындарыңның көптігінен тар болады. Ал сені қанап, жалмап келген дұшпандарың қасыңнан алшақ кетеді.
20 Халқыңның жер аударылған кезеңде шетелде туған ұрпақтары қайтып келіп, сенен: «Бұл орын бізге тұруға тым тар. Кеңірек жер берсеңіз екен!» деп өтінетін болады.
21 Сол кезде сен іштей былай дейсің: «Бұларды мен үшін туған кім? Мен құрсақ көтеріп, балалы болған емеспін. Халқым жер аударылып, қуылған еді. Сонда бұлардың бәрін кім өсірді екен?! Мен жападан-жалғыз болғанда бұлар қайдан шықты?!»
22 Ал Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қолымды созып, туымды жоғары көтергендей барлық халықтарға белгі беремін. Олар ұлдарыңды кеуделеріне басып, қыздарыңды да иықтарына отырғызып, көтеріп алып келетін болады.
23 Сонда патшалар кіндік әкелерің болып, ханымдары күтуші әйелдеріңе айналады. Олар саған жерге дейін иіліп тағзым етіп, аяғыңа жабысқан шаңды сүртіп құлдық ұрады. Осылай сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. Маған үміт артқандар ұятқа қалмайды!»
24 — Күшті жаудың қолынан олжасын тартып алып, жеңімпаздың тұтқындарын босату мүмкін бе?! — (деп күдіктенесің.)
25 Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: — Күшті жаудың тұтқындары тартылып алынып, жеңімпаздың олжасы қайтып алынады! Сенімен арпалысып келген жауыңмен Өзім алысып, адамдарыңды босатамын!
26 Сені езіп-жаншығандар сол кезде өз тәндерін жейтін болады. Олар төгілген өз қандарына тәтті шарап ішкендей мас болады. Осылай бар адамзат Менің Жақып сиынған құдіретті Жаратқан Ие екенімді білетін болады: Мен сенің Құтқарушыңмын, сені азат ететін Қамқоршыңмын».