Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 18

Қап, әттеген-ай, Нілге құятын салалардың ар жағында орналасқан, қанаттылар сусылдап ұшатын Құш елі қасіретке қалады! 2 Сол ел қамыстан жасалған қайықпен Ніл өзенімен елшілерін жібереді. Уа, жүрдек хабаршылар! Өзендермен бөлінген өз елдеріңе қайтыңдар! Әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл өз халқыңа мына хабарды жеткізіңдер: 3 Ей, жер бетінде тұратын барлық адамдар, ден қойыңдар! Тау бастарында ту көтерілгенде соны көріп, керней тартылғанда соны еститін боласыңдар! 4 Себебі Жаратқан Ие маған мынаны айтты: «Мен Өзім тұратын көктен тыныштықпен төменге көз саламын. Осы тыныштық күн күйіп тұрған кездегі жым-жырт ыстыққа әрі өнім жинайтын кездегі аптапта жоғары қарай ақырын көтерілген буға ұқсайды». 5 Жүзімші өнімді жинамас бұрын, бүршік гүлдеп болып, жүзім піскен кезде, пышағымен артық өскіндерді кесіп түсіреді. Сол сияқты, Жаратқан Ие Құштың жасағын «шауып тастайды». 6 Оның өлген жасақшыларының денелері таудағы жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға қалады. Олармен жазда құстар, қыста аңдар қоректенеді. 7 Сол кезде ұзын бойлы, сақал-мұртсыз, әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл халықтан Әлемнің Иесіне арналған сый-тарту келеді. Олар соны өзендермен бөлінген өз елдерінен Әлемнің Иесінің есімі құрметтелетін орынға, Сион тауына, әкеледі.