Тарау 20

Ассур патшасы Саргон өзінің бас қолбасшысын філістірлердің Азот қаласына қарсы аттандырды. Қолбасшы шабуыл жасап, қаланы басып алды. Сол жылы 2 Жаратқан Ие Амос ұлы Ишаяға тіл қатып былай деді: «Азалы киіміңді және аяқкиіміңді шешіп таста!» — Ишая солай істеп, сырт киімсіз жалаң аяқ жүрді. 3 Кейін Жаратқан Ие осы тапсырмасын былай деп түсіндірді: «Менің қызметшім Ишая үш жыл бойы сырт киімсіз, жалаң аяқ жүрді. Бұл — Мысыр мен Құш елдерінің басына түсетін азапты жайды алдын ала білдірген белгі. 4 Ассур патшасы сол кезде Мысыр мен Құштан тұтқындағандарын осылайша айдап әкетеді. Жасы бар, кәрісі бар, олар сырт киімсіз, жалаң аяқ, арттары ашылған күйі жер аударылады. Содан Мысыр әбден масқараланады. 5 Құшқа сенім артып, Мысырды мақтан тұтқандар үрейленіп, ұятқа қалады». 6 Осы уақыт жеткенде теңіз жағалауын мекендегендер былай дейтін болады: «Бізді Ассур патшасынан қорғайды деп сенген Мысыр мен Құш елдеріне не болғанын қараңдар! Онда біз қалайша аман қаламыз?!»