Тарау 7

Яһуда елінде Ұзияхтың немересі Жотамның ұлы Ахаз патшалық құрған кезде Арама патшасы Ресин мен Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах екеуі Иерусалимге қарсы аттанып, шабуыл жасады. Алайда олар қаланы басып ала алмады.
2 Кейін тағы да «Арама Солтүстік Исраилмен бізге қарсы одақтасты!» деген суық хабар Дәуіттің әулетіне жетті. Содан Ахаз патша мен оның халқының қорыққаны сонша, дауыл шайқаған орман ағаштарындай дірілдеді.
3 Ал Жаратқан Ие Ишаяға бұйрық беріп былай деді: «Сен ұлың Шеяр-Язубты ертіп алып, қаланың сыртында Ахазбен жолық. Оны Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың соңынан, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жол бойынан табасың.
4 Ахазға мына хабарымды жеткіз: Абай болып, тыныштық сақта! Ана бықсып, шала жанған екі отындық ағашқа ұқсайтын жауларыңнан қорықпа! Ресин мен Араманың және сол бір Ремалиях ұлының лаулаған қаһарынан зәрең ұшпасын!»
5 Рас, Арама Ефреммен, оның патшасы Ремалиях ұлымен бірге саған қарсы зұлым жоспар құрды:
6 «Кәне, Яһудаға қарсы аттанып, үрейін ұшырайық! Елді өзара бөлісіп алып, оған Табеил ұлын патша етіп тағайындайық!» дейді.
7 Алайда Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бұл ешқашан да жүзеге аспайды!
8 Себебі Дамаск тек Араманың бас қаласы, ал Ресин небәрі Дамаскінің басы ғана болады. Ефремге келсек, ол алпыс бес жылдың ішінде талқандалып, халық болудан қалады.
9 Самария тек Ефремнің бас қаласы, ал Ремалиях ұлы небәрі Самарияның басы ғана бола береді. Ал егер сенімдеріңде берік тұрмасаңдар, онда (жауға қарсы) берік тұра алмайсыңдар!»
10 Жаратқан Ие Ахаз патшаға тағы бір хабар жіберіп:
11 — Осыны істейтіндігімді саған дәлелдеуім үшін Менен, Құдайың Жаратқан Иеден, бір керемет жасауымды сұра! Бұл керемет іс жердің терең тұңғиығынан немесе аспанның қиыр шетінен болса да, сұрай бер! — деп бұйырды.
12 Бірақ Ахаз: — Жоқ, мен соны сұрамаймын! Жаратқан Иені осылайша сынағым келмейді, — деп бас тартты.
13 Сонда Ишая оған былай деді: — Дәуіттің әулеті, сөзіме құлақ салыңдар! Адамдардың төзімін сынағандарың аз болғандай, енді Құдайымның да төзімін сынамақсыңдар ма?!
14 Ендеше Тәңір Иенің Өзі сендерге осыны істейтіндігін дәлелдейтін кереметті жасайды: Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл туады. Оған Имануил (яғни «Құдай бізбен бірге») деген ат қояды.
15 Нәресте есейіп, жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай білетін жасқа келгенде ішетін тамағы тек айран мен бал болады.
16 Себебі бала ер жетіп, жаманнан гөрі жақсыны таңдай білетін жасқа келместен бұрын-ақ, сені соншама қатты қорқытқан әлгі екі патшаның елдері ойрандалады.
17 Жаратқан Ие саған, сенің халқыңа және әкеңнің әулетіне де ауыр күндерді төндіреді. Солтүстік Исраил Яһудадан бөлініп шыққаннан бері, елің сондай пәлені бұрын-соңды басынан кешпеген еді: Жаратқан Ие сендерге қарсы Ассур патшасын аттандырмақ!
18 Сол кезде Жаратқан Ие жауларыңа ысқырып белгі беріп, оларды осы елге шақырып алады. Бәрі де не шыбын-шіркей секілді Мысырдағы Ніл өзенінің алыс салаларынан, не жабайы ара сияқты Ассур патшалығынан осы елге қаптап келеді. Олар үйір-үйірімен сай-салаларға, құз-шатқалдардың жарықтарына, тікенекті бұталар мен суаттардың барлығына қонатын болады.
20 Сол күндері Тәңір Ие Ассур патшасын Евфрат өзенінің ар жағынан жалдап алып, сендерге қарсы жібереді. Сонда Ол Ассур патшасын ұстарадай қолданады: сендердің шаштарың мен аяқтарыңдағы түктеріңді, тіпті сақал-мұрттарыңды да алып тастаған іспетті сендерді масқара қылады.
21 Бұл уақыт келгенде шаруа өзінің табын-отарларынан тек бір қашары мен екі қой-ешкісін ғана қырғыннан сақтап қала алады. Бірақ соның өзінде
22 олар (тапталған егіндіктер мен бау-бақшаларда емін-еркін жайылып) сүтті мол беретіні сонша, ол айран ұйытуға да жетеді. Елдегі пәледен аман қалғандар тек айран ішіп, бал жейтін болады.
23 Бұрын құны бір мың мысқал күміс болған, бір мың жүзім бұтасы өскен әрбір жүзімдікті сол күндері тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаптап кетеді.
24 Адамдар осылай ойрандалып, тікенді бұталар мен арам шөп басқан барлық жерге тек садақпен қаруланып қана баратын болады.
25 Бір кезде кетпенмен қопсытылып, өңделген барлық қырат-қырқаларыңа тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаулап өсіп тұрғандықтан, енді онда бара алмайтын боласыңдар. Сол жерлерді ірі қара мен ұсақ малдар емін-еркін таптайтын болады.