Тарау 8

— Өзіңді тежемей қатты айқайла! Даусыңды кернейдей көтер! Таңдап алған халқыма опасыз істерін ашық айт! Иә, Жақыптың үрім-бұтағына жасаған күнәларын әшкереле!
2 Олар Маған күнде сиынып, еркімді білуді қалағансиды, әрі әділдік жасайтын, Құдайының айтқандарына мойынсұнатын халық сияқты болып көрінеді. Осылай олар Құдай алдына келуді ұнатып, Менен әділ шешімдер өтініп, былай дейді:
3 «Біз ораза ұстап едік, Сен неге көз салмадың? Саған бой ұсынған едік, Сен неге байқамадың?» (Бұған Менің жауабым мынадай:) «Ораза тұтқан күндеріңнің өзінде сендер қалағандарыңды істеп, тіпті бейшара жұмысшыларыңды қанайсыңдар!
4 Оразаларыңның аяғы ұрыс-талас, зұлым төбелеспен бітеді. Мұндай оразаларың мінажаттарыңды көкке жеткізбейді.
5 Әлде пенденің кішіпейіл болғансып, басын қоғадай иіп, қайғы шеккен азалы жандай көрінген күнін Маған ұнайтындай ораза деп ойлайсыңдар ма? Осындай әрекетті шынымен ораза әрі Жаратқан Иені риза қылатын күн деп атауға бола ма?!
6 Жоқ, Маған ұнайтын ораза мынадай: зұлымдықпен бұғауланғандардың кісендерін үзіп, құлдықтың шынжырларын шешу және зорлық көріп жатқандарды азат етіп, езгі атаулыны жойып жоқ қылу!
7 Сондай-ақ аштармен наныңды бөлісіп, қаңғырған кедейлерді үйіңе кіргіз! Киімге мұқтаждарға тап болсаң, киіндіріп, өзге пенделерге де қол ұшын беруден бас тартпа!»
8 Сонда саған кенеттен таңғы шұғыладай нұр төгіліп, тез сауығатын боласың. Әділдігің алдыңнан бастап, Жаратқан Иенің салтанатты ұлылығы сені артыңнан қорғап жүретін болады.
9 Сол кезде Оны шақырасың және Жаратқан Ие жауап береді. Көмек сұрап жалбарынғаныңда Ол: «Саған жар боламын!» деп сені жігерлендіреді. «Араларыңнан езгі атаулыны алып тастаңдар, сырттай өсектеу мен тіл тигізуді де доғарыңдар!
10 Қарны аштарға шынайы жанашырлық танытыңдар, әрі зорлық-зомбылық көргендерді жұбатып, мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіңдер! Сонда айналаларыңдағы қара түнекте Менің нұрым сәулесін шашып, рухани қараңғылықтарың тал түстей жап-жарық болады.
11 Мен, Жаратқан Ие, сендерді әрқашан жетелеп жүремін, шөл далада да қажеттеріңмен қамтамасыз етіп, денелеріңе қуат беремін. Осылай сендер суы мол баққа, ешқашан сарқылмайтын бұлаққа ұқсайтын боласыңдар.
12 Халқың ежелде қираған мекендеріңді қайтадан салып, баяғы ұрпақтардан қалған негіздердің үстінен қалаларыңды қайта орнатады. Жұрт сендерді «Қираған қамалдарды қалпына келтіріп, жолдар мен үйлерді қайта салушылар» деп атайтын болады».
13 Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Демалыс күнін Маған бағыштап, берік ұстаныңдар! Бұл күні әдеттегі істеріңмен айналыспай, оны қадірлеп-қастерлеп, үлкен ғанибет деп өткізіңдер! Демалыс күні өз беттеріңмен жүрмеңдер, құмарлықтарыңды қандыру мен бос мылжыңнан да бас тартып, сол күнді толығымен Маған арнаңдар!
14 Егер осылай істесеңдер, сонда рақаттарыңды Менен, Жаратқан Иеден, табасыңдар. Сендерге жердің биік қорғандарын тездетіп иемденіп алуға мүмкіндік беремін. Өзім түп аталарың Жақыпқа мұралық меншікке берген осы елдің өнімдерімен тойынатын боласыңдар». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.