Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 39

Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекия патшаның қатты ауырып қалып, сауықтырылғанын естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді. 2 Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті бүкіл қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады. 3 Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған: — Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия: — Олар маған алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. Пайғамбар: 4 — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия: — Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді. 5 Сонда Ишая Езекияға былай деді: — Енді Әлемнің Иесінің сөзін тыңдаңыз: 6 Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 7 Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! — 8 Сонда Езекия Ишаяға: — Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.