Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 14

Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағына аяушылық танытып, Исраил халқын тағы да Өзінікі қылып таңдап алып, оларды өз елінде қайтадан орналастырады. Жат жұрттықтар да мұнда келіп, Жақыптың үрім-бұтағына қосылмақ.
2 Басқа ұлттар Исраил халқын өз еліне қайтып әкеледі, әрі оларға Жаратқан Иенің таңдаған жерінде ұдайы қызмет ететін болады. Сонда халық бұрын өзін тұтқын етіп, езіп-жаншығандарды тұтқындап, үстерінен билік құрмақ.
3 Сол күні Жаратқан Ие сені азап пен қорқыныштан, құлдықтың ауыр жүгінен азат ететін болады.
4 Бұл орындалғанда сен Бабыл патшасын мазақ еткен өлең айтып былай дейсің: Жауыз қанаушы қалайша тоқтатылды! Асқақтап тонауы оның доғартылды!
5 Сұмның асатаяғын Жаратқан сындырды, Зұлым билеушіден үстемдігін тартып алды.
6 Сол патша ұлттарды ашулана ұрғылады, Халықтарды тоқтатпай жаншып қудалады.
7 Енді бүкіл жер тыншып аман болады, Барлығы шаттана ән-жырлар салады.
8 Шыршалар да қуанышқа кенеледі, Ливанның самырсындары да былай дейді: «Уа, патша, сен тақтан құлағандықтан енді Бізді шауып құлатуға ешкім келмейді».
9 Ей, патша, о дүние сенің келуіңді күтіп қозғалуда. Саған бола ол өлгендердің аруақтарын, жер бетінде мықты болған билеушілердің бәрін де орындарынан тұрғызады. Күллі халықтардың патшалары (сені құрметтегенсіп) тақтарынан көтерілуде.
10 Олардың бәрі саған тіл қатып былай дейді: «Енді сен де біз сияқты әлсізсің! Сен де бізге ұқсас болдың!»
11 Бүкіл сән-салтанатың да, сарайыңдағы күй-сазың да өзіңмен бірге қабірге қойылды. Сенің астыңа шыбын құрттары төселіп, жамылып жатқан жамылғың жауын құрттары болды.
12 Ей, Шолпан жұлдыз әрі таң шапағы (іспетті болған Бабыл патшасы)! Аспаннан сен қалай құлап түстің! Халықтарды таптап келген сен өзің қалайша жерге лақтырылдың!
13 Өйткені іштей былай дегенсің: «Мен аспанға көтерілемін, өз тағымды Құдайдың жұлдыздарынан да жоғары орнатамын! Қиыр солтүстікте орналасқан, (жалған тәңірлер) жиналатын таудың басындағы тағыма жайғасамын.
14 Биік бұлттардан да жоғары көтеріліп шығамын, өзімді Хақ Тағаламен бірдей қыламын!»
15 Қайта, сен о дүниеге, тұңғиықтың түбіне лақтырыласың!
16 О дүниедегілер саған қадала қарап, сен жайлы былай деп ойлайтын болады: «Жерді сілкінтіп, патшалықтарды шайқалтқан адам осы ма?
17 Әлемді құла түзге айналдырған бұл ма? Қалаларды қиратып, тұтқынға алғандарын үйлеріне қайтармаған қатыгез патша осы ма?»
18 Халықтардың барлық патшалары құрметтеп қойылған өз қабірлерінде жатыр.
19 Ал сен қажетсіз бұтақшадай қабіріңнен алыс жерге лақтырылып тасталдың. Мәйітің бір шұңқырда семсердің жүзінен қаза тапқандардың сүйектерімен жабылып, тастардың астында қалады. Иә, сүйегің өлексе іспетті тапталып,
20 патшалар қабіріне қойылмады. Өйткені сен өз еліңді талқандап, өз халқыңды құрттың. Зұлымдардың тұқымы ешқашан еске алынбасын!
21 Осы патшаның ұлдары да ата-бабаларының жасаған күнәларына бола құртылмақ, соған арналған орынды дайындап қойыңдар! Олар бас көтеріп, жерді иемденіп, дүние жүзін өз қалаларымен толтыра алмасын!
22 «Мен оларға қарсы шықпақпын! — дейді Әлемнің Иесі. — Мен Бабылды атымен жоқ қылып, оның халқын түп-тамырымен құртып, ешбір ұрпағын тірі қалдырмаймын. Осыны айтқан Мен Жаратқан Иемін.
23 Мен қаланы жабайы аңдар мекендейтін ми батпаққа айналдырып, ондағы барлық нәрсені де сыпырып тастаймын». — Әлемнің Иесі осыларды нық айтады.
24 Әлемнің Иесі былай деп ант еткен: «Менің ой-ниетім шүбәсіз іске асады! Мен қалай жоспарлаған болсам, ол дәл солай орындалады!
25 Мен ассурлықтарды өз елім Исраилде талқандап, оларды өз тауларымда басып тастаймын. Осылай халқымның мойнынан Ассурдың мойынтұрығы алынып, олар көтерген ауыр жүктерінен арылады.
26 Бұл — бүкіл әлемге арнаған шешімім! Мынау — барлық халықтардың үстінен созылған құдіретті қолым!» —
27 Өйткені Әлемнің Иесі осыны ұйғарды. Мұнысын орындатқызбайтын кім бар?! Жаратқан Ие құдіретті қолын алға созып тұр. Онысын тоқтата алатын кім бар?!
28 Ахаз патша қайтыс болған жылы мына ауыр хабар (пайғамбарға Жаратқан Иеден) жетті:
29 Уа, бүкіл філістір елі, сені ұратын таяқ сынғанмен, шаттануыңа себеп жоқ. Бір жылан өлген кезде оның орнына улы сұр жылан келеді. Улы сұр жыланның жұмыртқасынан атылып, шағып алатын оқ жылан шығады.
30 Сол кезде (Менің халқымның ішіндегі) ең кедейлер тамақтанып, мұқтаждар қауіп-қатерсіз тынығып жатады. Алайда, уа, філістір халқы, Мен сендерді ашаршылық арқылы түп-тамырларыңмен жұлып тастаймын. Тіпті аман қалғандарыңның өздерін де қырып жоямын.
31 Қала қақпаларының маңында еңіреңдер! Қаланың ішінде зар жылаңдар! Уа, філістірлер, қорқыныштарыңнан су жүрек боласыңдар. Солтүстік жақтан шаң-топырақтың құйын бұлты іспетті жау аттанып келе жатыр! Осы айбынды әскердің қатарларында бірде-бір қорқақ жоқ.
32 Сол халықтан келетін хабаршыларға біз не деп жауап қатамыз? Оларға: «Жаратқан Ие Сионды берік негізге орнатқан. Оның халқының азап шеккендері осы қаладан баспана табады!» — деп айтамыз.