Тарау 4

Сол күн туғанда әрбір ер адамға жеті әйел жармасып, оған: «Нанымызды өзіміз тауып жеп, киімімізді өзіміз тауып киеміз. Тек күйеуіміз болып, масқаралықтан арылта көріңіз!» — деп жалынып-жалбарынады.
2 Сол күндері Жаратқан Ие өсіріп шығарған «Жас Өскін» салтанатты да қадірлі болады. Исраил халқының қырғыннан тірі қалғандары осы жердің өнімін мақтан тұтып, даңққа кенеледі.
3 Сонда Сионда тірі қалып, Иерусалимде өмір сүру үшін тізімге тіркелген әрбір адам Құдайға бағышталған қасиетті деп аталады.
4 Себебі Жасаған Ие Сион шаһарының әйелдерін жан дүниелеріндегі ластан арылтады, әрі қан төккен Иерусалим қаласын әділдікпен соттап, қан дақтарынан отпен тазартады.
5 Содан кейін Жаратқан Ие Сион тауының және осында жиналғандардың үстерінен күндіз бұлт пен түтін, түнде жалындаған оттың сәулесін жаратады. Бұлар салтанатты қаланы тұтастай қалқалап жауып тұрып,
6 оны күндізгі қапырықтан тасалап, дауыл мен жауыннан да қорғайтын болады.