Тарау 34

Уа, ұлттар, жақындап келіп тыңдаңдар! Уа, халықтар, құлақ салыңдар! Жер де, онда тұратындардың бәрі де, әлем де, онда туылғандардың барлығы да тыңдап тұрсын!
2 Жаратқан Ие барша халықтарға ашуланып, олардың күллі әскерлеріне қаһарланады. Соларды жойылуға арнап, қырылуға тастады.
3 Содан өліктері далаға лақтырылып, қабірге қойылмай, шіріп, сасып жатады. Төгілген қандарынан тау-төбелердің топырағы ылғалданады.
4 Аспандағы күн, ай және жұлдыздар еріп кетеді. Аспан шиыршық кітаптай шиырылады, әрі жұлдыздар жүзім бұтағынан не інжір ағашынан түскен құрғақ жапырақтай жерге құлап түспек.
5 Осылай семсерім аспандағы күштерді қырып тастайды. Бұдан кейін ол Едомды, Өзім жойылуға арнаған халықты шабады, (— деп ескертеді Жаратқан Ие).
6 Иә, Жаратқан Иенің семсері құрбандыққа шалынған қой-ешкілердің қанына малынып, солардың майына және қошқарлардың бүйрек майына малынып, тойған іспетті. Себебі Жаратқан Ие Едом жерінің Босора қаласында құрбандық шалғандай үлкен қантөгіс жасамақ.
7 Сонда тіпті жабайы бұқадай мықты адамдар — жас жігіттер және күшті жетекшілер қырылмақ; жер қаннан қып-қызыл болып боялып, топырағы майға тойынады.
8 Себебі Жаратқан Ие Өзінің зұлымдарға тиісті жазаларын тартқызатын күнін жоспарлады. Ол Едомға оның Сион халқына көрсеткен зорлық-зомбылығын қайтаратын уақытын белгіледі.
9 Сонда Едом елінің өзендері қарамайға, оның топырағы күкіртке айналады. Бүкіл жері қарамай сияқты өртенетін болады.
10 От күндіз-түні өшпейді, оның түтіні мәңгі шығып жатпақ. Сол жер ұрпақтан ұрпаққа қаңырап бос қалмақ. Енді қайтып ешкім де одан өтпейтін болады.
11 Бірқазан мен кірпі оны иемденіп, үкі мен қарға сонда ұяларын салады. Құдай Едомның жерін тәптіштеп өлшеп, оны ретсіз, тіршіліксіз бос жатуға бағыштайды.
12 Енді Едомды «Патшалық жоқ» деп атайтын болады, оның әміршілерінің барлығы да жоғалады.
13 Оның қорғандарын тікенді бұталар басып, бекіністі қалаларын қалақай мен ошаған жайлап кетеді. Осы жер шибөрі мен түйеқұстың тұрағына айналмақ.
14 Сонда иен даланың аңдары қорқау қасқырларға ұшырасып, жабайы текелер бір-бірін маңырап шақырады. Түнгі аңдар сол жерде демалып, тыным табады.
15 Жапалақтар сонда ұяларын салып, жұмыртқаларын басады. Балапандарының үстіне қанаттарын жайып, оларды жинайды. Лашындар да сол жерге жұптасып келеді.
16 Жаратқан Иенің кітабын оқып шығып, білімді қабылдаңдар! Сол кезде осы аңдардың бір түрі де жоқ болмайды, ешқайсысы да жұпсыз қалмайды. Себебі Жаратқан Иенің Өзі мұны бұйырды, Оның Рухы оларды жинап әкелмек.
17 Ол соларға осы жерден мекендерін үлестіріп, өлшеп тапсырды. Олар оны әрдайым иемденіп, барлық ұрпақтары да соны мекендемек.