Тарау 15

Бұл — Моаб елі туралы ауыр хабар: Ойбай, Моабтағы Ар қаласы еш шүбәсіз бір-ақ түнде қиратылып талқандалмақ! Моабтағы Кир қаласы да бір-ақ түнде жойылып күл-талқан болмақ! 2 Халық жалған тәңірдің ғибадатханасына көтеріледі. Олар Дибонның биіктеу жерлеріндегі табыну орындарында жылау үшін өрлеп шығады. Моаб халқы Небо мен Медеба қалаларын жоқтап жылайды. Барлығы да қайғырып шаштарын, сақал-мұрттарын алып тастайды. 3 Олар көшеде азалы киім киіп жүріп, алаңдар мен үйлердің жалпақ төбелерінде де жоқтау айтып жылайды. 4 Хешебон мен Елғаленің халқы зар еңіреп, олардың даусы Яхасқа дейін естіліп тұрады. Сондықтан Моабтың жасақшылары да айқайлап, дірілдеп қорқады. 5 Мен шын жүректен Моаб үшін жылаймын. Оның босқындары Сиғор мен Үшінші-Әглат қалаларына дейін қашып кетпек. Олар Лухитке апаратын асуға еңірей көтеріліп, Хоронаимға қашып барып, шеккен азаптарына қатты қайғыра жылай береді. 6 Өйткені Нымрим сайының суы тартылып қалып, жағасындағы шөптер күйіп кетті. Көк шөп пен өсімдік атаулыдан ештеңе қалмады. 7 Өздерінің жиып-теріп, сақтап қойған мол байлықтарын халық Теректер жылғасының ар жағына тасып әкетеді. 8 Иә, Моаб елінің қай жерінен де зар еңіреген дауыс естіледі. Айтылған жоқтау Әглаим мен Бегер-Елім қалаларынан да естілмек. 9 Дибондағы өзеннің суы төгілген қаннан қып-қызыл болып ағады. Алайда Мен мұндағы халықтың басына бұдан да көбірек ауыртпалық түсіремін: арыстан Моабтан қашып кетіп бара жатқандарға да, елде қалғандарға да бас салатын болады.