Тарау 24

Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие жерді ойрандап, құнарсыз қылмақ! Ол жер бетінің күл-талқанын шығарып, тұрғындарын шашыратып жібермек.
2 Бәрінің басына түскен жағдай бірдей болады: не қарапайым халық, не діни қызметкер болсын, не құл-күң, не қожайыны болсын, не сатып алушы, не сатушы болсын, не жалға алушы, не жалға беруші болсын, не қарыз алушы, не қарыз беруші болсын: барлық адамдардың тағдыры бірыңғай болады.
3 Сонда жер беті түгелдей қаңырап, тоналады. Жаратқан Ие осы сөздерді нық айтты.
4 Жер құрғап кеуіп, бүкіл дүние әлсіреп, солып қалады. Жердің жоғары мәртебелі адамдары да әлсіремек.
5 Адамдар Құдайдың заңы мен ережелерін бұзып, Оның мәңгілікке жасаған Келісіміне опасыздық жасауларымен жерді арамдады.
6 Сондықтан да қарғыс жерді жалмайды. Оның тұрғындары өз кінәларының жазасын тартып, отпен жойылады. Аздаған адамдар ғана тірі қалады.
7 Жүзім бұталары кеуіп кетіп, шырыны азаяды. Бір кезде сауық-сайранға салынып көңіл көтергендер енді қайғырып күрсінетін болады.
8 Даңғыра мен жетігеннің көңілді үндері мен ермекке салынғандардың у-шуы басылып қалған.
9 Енді олар әндетіп шарап ішіп отырмайды, сыраның дәмі де ішкендерге тым ащы көрінбек.
10 Қаңыраған қала талқандалған, әрбір үй бекітіліп, ешкім кіре алмайды.
11 Көшедегі адамдар шараптың жоқтығынан шулайды. Шаттық түңілумен алмасқан, қуаныш жер бетінен ғайып болған.
12 Қала қиратылып, қаңырап, қақпалары да құлап қалған.
13 Бүкіл жер бетіндегі халықтар, міне, осындай жағдайға ұшырайды. Бұл жайт жұрттың зәйтүн ағашын соғып шайқалтып, жемістерін жинағанына, әрі жүзім бұтасындағы жүзім шоқтарының үзіліп алынып, біразы ғана қалған кезге ұқсайды.
14 Ал осы жазадан аман қалғандар көңілді ән салмақ, олар батыс жақтан Жаратқан Иенің ұлылығын паш ететін болады.
15 Сондықтан, уа, шығыстағылар, сендер де Оны мадақтаңдар! Теңіз жағалауларын мекендеуші халықтар да, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің есімін дәріптеңдер!
16 Әлемнің түпкір-түпкірлерінен біз: «Хақ Тағала даңқталсын!» деген әндерді естиміз. Алайда мен былай деймін: «Әттеген-ай, сорлы басым, мен қасіретке қаламын! Сатқын сатқындығын, опасыз опасыздығын қаталдықпен жалғастыра береді».
17 Уа, жер бетінің тұрғындары, сендерді күтіп тұрғандар: қорқыныш, ор әрі тұзақ!
18 Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Себебі «аспан қақпалары» айқара ашылып, жердің негізі сілкінеді!
19 Жер жарылып, қақ айырылуда, жер сұрапыл сілкінуде!
20 Жер мас адамдай теңселіп, дауылдағы лашық үйдей шайқалады. Жер өзінің бүлікшіл істерінің салмағынан төмен тартылады. Ол құлап, енді қайтып көтерілмейді.
21 Сол кезде Жаратқан Ие аспанның заңғар биігіндегі күштілердің үлкен тобына және жер бетіндегі патшаларға назарын аударып, жазаларын тартқызбақ.
22 Олар зындандағы тұтқындардай жиналып, бірге қамалады. Ұзақ қамалғаннан кейін олар Құдайдың назарына қайтадан ілігеді.
23 Әлемнің Иесі Иерусалимдегі Сион тауында патшалық құрып, Оның нұрлы салтанаты халқының ақсақалдарына көрінеді. Содан ай абыржи қызарып, күн де ұялатын болады.