Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 44

«Ал енді, тыңда, Жақыптың үрім-бұтағы, қызметшім Менің! Маған құлақ сал, таңдап алған Исраил халқым!
2 Ана құрсағында сені қалыптастырып жаратқан Қолдаушың, Мен, Жаратқан Ие, саған былай деймін: Қорықпа, Жақыптың үрім-бұтағы, қызметшім Менің, Өзім таңдап алған әділ халқым!
3 Мен шөлдеген жерді суға кенелтіп, кеуіп қалған далаға суды тасқындатып ағызамын. Ұрпақтарыңның үстіне Рухымды құйып, оларға жарылқауымды жаудыра беремін.
4 Олар жайлаудың шөбіндей көктеп, өзен жағасындағы теректей өсіп-өне береді.
5 Сол кезде көптеген адамдар Менің халқыма қосылып, біреулер: «Жаратқан Иенікімін» деп хабарлап, өзгелері мұны өз қолдарына жазып та алады. Олар Жақыптың есімімен, иә, халқымның қадірлі түп атасы Исраилдің атымен, атанатын болады».
6 Жаратқан Ие — Исраилдің Патшасы мен азат еткен Қамқоршысы әрі Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін, Менен өзге (шынайы) құдай жоқ!
7 Әлде Мен сияқты біреу бар ма? Сол өзін әйгілеп, дәлелдерін Менің алдымда ашық келтірсін: ол Мен халқымды жаратып, еліне орналастырған ежелгі кезден бері не болып келгенін және келешекте не болатынын рет-ретімен айтып берсін! Содан кейінгі жайттарды да ашық мәлімдесін!
8 Ей, халқым, қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын! Мен бұрыннан-ақ сендерге болашақтағыны алдын ала жариялап келдім емес пе? Мен туралы шындықты мойындаңдар: Менен өзге құдай бар ма? Менен басқа қорғандарың жоқ, Маған біреуі де мәлім емес!»
9 Жалған тәңірлердің мүсіндерін жасаушылардың бәрі де дәрменсіз! Олар өз тәңірсымақтарын соншалықты ұнатып, бағалағанмен, соларынан ешқандай пайда көрмейді. Өздері бұған куә! Мүсіндері көре алмайды да, ештеңені ұқпайды да, сондықтан олар масқара болады.
10 Ешбір пайдасы жоқ «қуыршақ тәңірлерді» жасап, мүсіндерін құйып қалыптастыратындар кімдер?
11 Сондайлар ұятқа қалатын болады! Мүсіндерді жасайтын зергерлер жай пенделер ғана. Олар бәрі жиналып, алдымда тұрсын! Сонда үрейлері ұшып, барлығы масқара болады.
12 Ұста сом темірден мүсіннің тұлғасын жасап, оны отпен шыңдайды. Мұнан кейін мықты қолына балғасын алып, тұлғаны ұрғылап, «қуыршақ тәңірді» қалыптастырады. Содан қарны ашып, әлсіреп, су ішпегеннен шаршап-шалдығады.
13 Ағаш шебері (қатты ағаш таңдап алып), жіп тартып өлшеп, қашаумен мүсіннің сұлбасын белгілейді. Оны кескішпен өңдеп, жұмырлап, адамның келбетті бейнесін жасайды. Содан оны жалған тәңірдің ғибадатханасына апарып қояды.
14 Бұл жұмыс үшін самырсынды, я болмаса қарағай не еменді кесіп алады. Оларды ормандағы ағаштардың арасынан таңдап алып, сақтап қойған болатын. Немесе шырша отырғызған еді, ол жауған жаңбырмен өсті.
15 Енді сол ағашты адам отын етеді. Бір бөлігін отқа жағып, жылынса, басқасымен нан пісіреді. Ал қалған ағаштан «қуыршақ тәңірін» ойып мүсіндеп, соған иіліп табынады! Адамдар жай мүсін жасап алып, оның алдына жерге жығылып құлшылық етеді!
16 Олар ағаштың бір бөлігін отқа жағып, үстіне тамақ пісіріп, тағы бір бөлігімен ет қуырып, тойғанынша жеген еді ғой! Сондай-ақ отқа жылынып: «Ой, бәрекелді, оттың қызуы керемет екен!» — деп риза болды.
17 Ал ағаштың қалғанынан тәңір мүсінін ойып жасап, оған: «Мені құтқара гөр, сен тәңірімсің ғой!» — деп жалбарынып, иіліп табынады.
18 Бұлай істейтіндер шындықты білмейді де, ұқпайды да. Олардың көздері балшықпен сыланғандай жұмылған, ақыл-саналары ұғына алмастай тас жабылған.
19 Ешқайсысы бұларына ой жібермейді, оларда қажетті білім мен түсінік жоқ. Сол себептен: «Мен жартысын отқа жағып, қоламтасына нан пісіріп, ет қуырып та жедім. Ал қалдығынан жексұрын тәңір мүсінін жасап, сол бір ағаш кесегіне табынғаным қалай?!» — демейді.
20 Керісінше, күлге айналатын нәрсені қанағат тұтады! Алданған саналары сондай адамдарды адастырады. Олар өз жандарын құтқара алмайды. «Оң қолымдағы осы нәрсе жалған емес пе?!» — деген қорытынды шығармайды.
21 «Жақыптың үрім-бұтағы, Өзімнің қызметшім, Осыларды ескеріңдер, ей, Исраил халқым: Сені Өзіме қызмет ету үшін жараттым, Мен ешқашан да сені есімнен шығармаймын!
22 Әділетсіз істеріңді тұмандай сейілттім, Күнәларыңды жел айдаған бұлттай жоқ еттім, Енді теріс жолыңнан қайтып, бет бұр Өзіме! Мен қамқоршың болып құтқарып, кешірдім!»
23 Аспан, мұны істеген Тәңірді әнмен мадақта, Жер, сен де Оны дәріптеп шаттана айқайла, Шуылдап мақтаңдар, таулар, орман ағаштары да: Жаратқан Жақыптың әулетін құтқарып алды, Өз ұлылығын Ол Исраилде жар қылды!
24 Сені ана құрсағында қалыптастырған, әрі туысқан қамқоршыңдай құтқарып алған Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен, Жасаған Ие, бүкіл әлемді жараттым. Жалғыз Өзім аспан кеңістігін жайып жіберіп, өз құдіретіммен жер бетін де жайып тастадым.
25 Жалған пайғамбарлардың болжамдарын жоққа шығарамын, сәуегейлердің есалаңдығын да әшкерелеймін. Мен данасынғандарды абыржытып, білімдерінің ақымақтық екенін көрсетемін!
26 Бірақ Өзімнің қызметшімнің сөздерін іске асырып, пайғамбарларымның айтқандарын орындаймын. Мен Иерусалимге: «Жұрт сені қайтадан мекендейді!» деп уәде етіп, Яһуда елінің өзге қалаларына да: «Жаңадан салынасыңдар!» деймін. Иерусалимнің қираған ғимараттарын қайта қалпына келтіремін!
27 Ежелде терең теңізге: «Кеуіп қал, ағыстарыңды кептіріп тастаймын!» деп бұйрық берген де Өзіммін.
28 Енді Кир туралы алдын ала былай деймін: Ол — Маған қызмет ететін бағушы, Менің еркімді түгелдей орындаушы. Кир «Иерусалим қайта салынсын!» деген жарлық шығарып, ғибадатхананың да негізін қайтадан салғызатын болады.