Тарау 61

— Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Жаратқан Ие мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге және жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылатындарын, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді.
2 Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларына лайықты жазаларын тартқызатын кезін жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді.
3 Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердің бастарына шашқан күл орнына әшекейлі тәж кигізіп, жұпар иісмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды. Үміттері үзіліп, көңілдерін мұң шалғандар енді мадақтау әндерін шырқап, шаттыққа бөленетін болады. Сонда олар «Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары» деп аталады, әрі Оның алдында ақталған, әділдік істеп, салтанатты ұлылығын паш ететін халқы болады.
4 Олар ежелгі заманда қиратылған мекенжайларды қайтадан салып, ежелгі ұрпақтардың талқандалып, қаңырап бос қалған қала-қыстақтарын жаңадан тұрғызып қалыпқа келтіреді.
5 Сол кезде жат жерліктер сендерге қызмет етіп, отарларыңды бағып, егіншілерің мен жүзімшілерің болады.
6 Өздерің «Құдай Иеміздің діни қызметкерлері» деп аталып, қызметтеріңді тек Оған ғана арнайтын боласыңдар. Басқа халықтардың байлығынан тамақтанып, олардың қазыналарын мақтан тұтасыңдар.
7 Бұрын масқара болғандарыңның орнына айрықша қадірленесіңдер. Бастарыңнан өткізген қорлықтарыңның орнына енді үлестеріңе тиген мұраларыңа қуана ән шырқайсыңдар. Сонымен Құдай халқы өз елінде бұрынғысынан екі есе мол дәулетке қол жеткізіп, мәңгі бақи шаттанатын болады.
8 — Себебі Мен әділдікті сүйіп, зорлық-зомбылықты жек көремін, — дейді Жаратқан Ие. — Меншікті халқыма тиісті сыйларын адалдықпен беріп, олармен тұрақты Келісім жасаймын.
9 Солардың ұрпақтары басқа халықтар арасында танымал және қадірлі болады. Мұны көргендердің бәрі бұлардың Жаратқан Ие жарылқаған ұрпақ екенін мойындайды».
10 Жаратқан Иеге қатты қуанам, Құдайыма шаттанады жан дүнием, Мені Ол құтқарып, амандыққа бөледі, Үстіме әділдікті де жауып берді! Күйеу жігіт діни қызметкер іспетті Әшекейлі тәж басына киеді, Қалыңдық асыл тастарын тағады, Дәл солай мен де болдым салтанатты!
11 Өскіндерді топырақ көктетеді, Себілген дәндерді бақша өсіреді. Ал енді Жаратушы Тәңір Ие Әділдігі мен даңқты істерін де Барлық халықтардың көз алдарында Шүбәсіз қаулатып шығарады да!