Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 9

Біліп алыңдар: Жаратқан Иенің қолы сендерді құтқаруға дәрменсіз емес, Оның құлағы мінажаттарыңды естуге мүкіс те емес.
2 Қайта, өздеріңнің әділетсіз істерің Құдаймен араларыңды ажыратып келеді! Жасаған күнәларың Оның бетін сендерден бұрып әкетеді. Сондықтан да Құдай Ие мінажаттарыңа құлақ салмайды.
3 Қолдарың зұлымдық жасап, қан төгіп арамданды. Ауыздарыңнан өтірік пен жамандық толассыз шыға береді.
4 Ешкім адалдық пен әділдікті жақтап дауыс көтермейді. Бәрі бос жайттарға сүйеніп, сотта да өтірік айта береді. Олар зұлым жоспарлар ойлап шығарып, соларын жамандықпен жүзеге асырады.
5 Осылай сұр жыланның жұмыртқаларын басып шығарғандай болады. Сол жұмыртқаларды жеген құриды, ал жарса, ішінен улы жылан шығады.
6 Олардың құрған жоспарлары сондай-ақ өрмекке де ұқсас. Өрмек киім болмайды ғой. Олар өз тоқығандарын жамылып, ешқандай пайда көре алмайды. Жасағандары әділетсіздік пен зорлық-зомбылық.
7 Аяқтары жамандыққа алып ұшып, жазықсыз қан төгуге асығады. Олардың ой-ниеттері қара, жүрген жерлерін қиратып, күл-талқандарын шығарады.
8 Олар татулық дегенді білмейді, жүрген жолдарында әділдік жоқ. Қайта, олар жолдарын өз мүдделері үшін қисайтып, бұралаң етеді. Солармен жүрген бірде-бір жан тыныштықты білмейді.
9 Сол себептен әділдік бізден тым алшақ, адалдық қасымызға жоламайды. Нұрды күтсек те, айналамыз қара түнек, үміттенген жарықтың орнына қараңғылықта жүреміз.
10 Соқыр адамдай қабырға бойын қармалап, көзсіз зағиптей жолымызды іздеп сипалаймыз. Тал түсте кеш түскен кездегідей сүрінеміз, күшіміз болғанмен өлілерге ұқсаймыз.
11 Аюдың гүжілдеп, көгершіннің мұңая гулегеніндей, бәріміз де қайғыра ыңқылдаймыз. Әділдікті қанша күтсек те, ол жоқ. Құтқарылудан үміттенсек те, ол бізден тым алшақ!
12 Уа, Жаратқан Ие, Сенің алдыңда қылмыстарымыз сансыз көп, күнәларымыз бізге қарсы айғақ болып тұр. Әділетсіз істеріміз өз бастарымызда, күнәларымызды мойындаймыз:
13 біз бас көтеріп, Саған, Жаратқан Иеге, опасыздық жасадық, өз Құдайымыздан безіп кеттік. Зорлық-зомбылық пен бүлінушілікті жақтап келеміз. Іштей өтіріктер ойлап тауып, оларды сыртқа шығарамыз.
14 Осылай әділдік кері қуылып, адалдық тым алыс қалады. Шындық сот алаңында сүрініп құлап, ақиқат арамызға кіре алмайды.
15 Шындық құрып кетті. Зұлымдықтан аулақ жүргендер соның құрбаны болады. Жаратқан Ие бұған назар аударып, әділдіктің жоқтығына наразы болды.
16 Ақиқатты жақтайтын бірде-бір адамның жоқ екенін көріп, зорлық-зомбылық шеккендерді қолдайтын ешкімнің болмағанына таңғалды. Сондықтан Тәңір Ие Өзінің әділдігіне сүйеніп, құдіретті қолымен құтқаруды дайындады.
17 Ол әділдікті сауыттай, құтқаруды басына дулығадай киіп, зұлымға жазасын тартқызуды жамылғыдай оранып, қайратын шапандай жамылған жауынгер секілді даяр тұр.
18 Құдай әркімге істеріне қарай қайтарып, зұлым қарсыластарына қаһарын төгеді. Сонда Ол тіпті алыстағы елдердегі жауларына да жазаларын тартқызады.
19 Осылай батыстағылар мен шығыстағылар да Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның салтанатты ұлылығына қайран қалады. Өйткені Жаратқан Иенің дауылы су тасқынын қатты айдағандай, Өзі де тездете аттанып келеді.
20 «Сион қаласына және Жақыптың үрім-бұтағының теріс жолдан қайтқандарына оларды құтқаратын Қамқоршы келеді! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
21 Сонда олармен мынадай Келісім жасайтын боламын: Мен өздеріңе қондырған Рухым сендерден алшақ кетпейді, ауыздарыңа салған сөздерім де сендерде сақталады. Олар өз ауыздарыңнан және балаларың мен кейінгі ұрпақтарыңның ауыздарынан бұдан былай мәңгі түспейді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.