Ишая

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66


Тарау 62

Мен Сионды сүйіп, Иерусалимнің құтқарылуын зарыға күткендіктен тынши алмаймын. Оның әділдігі таңғы шұғыладай жарқырап, құтқарылуы алаудай лаулап жанбайынша, Құдайға жалбарынудан бас тартпаймын!
2 Сион, сол кезде барлық ұлттар әділдігіңді көріп, патшалары да салтанатты ұлылығыңа көздерін жеткізеді. Жаратқан Ие саған қойған жаңа атыңмен аталатын боласың.
3 Сен Құдай Иеңнің қолында патшаның керемет әдемі тәжі іспетті болып көрінесің.
4 Бұдан былай ешкім сені «күйеуі тастап кеткен» деп атамайды, жеріңді «ойсырап қалған» деп те айтпайды. Қайта, сені «Қуанышым» және жеріңді «Келіншек» деп атайтын болады. Себебі Жаратқан Ие саған қатты қуанады. Күйеуінің келіншегін қамқорлайтынындай, Жаратушы да сенің жеріңді қамқорлайтын болады.
5 Жас жігіттің қызға үйленетініндей, сенің тұрғындарың өзіңмен тұрақты байланыс орнатады. Күйеу жігіттің қалыңдығына қуанатынындай, Құдайың да саған шаттанатын болады.
6 — Мен қамалыңның үстіне күзетшілер қойдым, уа, Иерусалим. Олар күндіз-түні үнсіз қалмай, мінажат етуге тиіс. Ей, Жаратқан Иеге сиынатындар, ешқашан жалбарынуларыңды доғармаңдар!
7 Иә, Жасаған Ие Иерусалимді қайтадан салғызып, жер бетінде оның даңқын асырмайынша, Оған үздіксіз сиынып сұрай беріңдер!
8 Жаратқан Ие ант етіп, мынадай уәде берген еді, соны Өзінің құдіретті оң қолымен ешбір шүбәсіз іске асыратын болады: — Енді қайтып сені жауларыңа жеңілдірмеймін! Оларға астығыңды тамақ етіп тапсырмаймын, әрі ауыр еңбек сіңіріп шығарған жүзім шырыныңнан да бөтен елдіктерге тегін ішкізбеймін!
9 Қайта, өнімді жинағандар жеп, Маған, Жаратқан Иеге, шүкірлік етпек. Жүзімді жинағандар да оның шырынын Менің киелі үйімнің ауласында мейрамдап ішетін болады.
10 Қақпадан өтіп, далаға шығыңдар, Халқыма жүретін жолын дайындаңдар, Бөгет болған тастарды алып тастаңдар, Биік етіп даңғыл жолды салыңдар! Белгі ретінде басқа халықтарға Туды тігіп қойыңдар жоғарыға!
11 Құлақ түріңдер, Жаратқан Ие жердің түкпір-түкпіріне былай деп жариялайды: — Сион қаласына айтыңдар: Міне, сені құтқаратын Қамқоршың келе жатыр! Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдынан жүреді.
12 Олар «Жаратқан Иенің құтқарып, Өзіне бағыштаған халқы» деп аталады. Уа, Иерусалим, сен бұдан былай «күйеуі тастап кеткен» емес, «ерекше қалаулы қала» деп аталатын боласың.